Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын Италиядағы XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы айрықша маңызды оқиға деп атады.
Олимпиада ойындарына спорттың 10 түрінен 40-қа жуық қазақстандық спортшы қатысады.
– «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Барша халқымыз Сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады.
Фото: Ақорда