Білім жүйесін діни фанатизмнен Конституция арқылы қорғау керек – Диқан Қамзабекұлы

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Диқан Қамзабекұлы білім жүйесін діни фанатизмнен қорғайтын норма енгізуді ұсынды.


«Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ кейінгі ширек ғасырда қара-шұбар жамылғы, сөлеңдеген сұрықсыздық, келте балақ, қауға сақал, селдір сақал қаладан далаға дейін қаптап кетті. Қазақтың иманды, тәрбиелі, білімді ортасын қара бұлт, дүдәмал діл (жүрек мағынасында – ред.) басып алғандай күй кештік. Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлт дәстүрін тәрк еткен діндарсырмақтар пайда болды. Ең қауіптісі олар ұрпағын да жат бағытта тәрбиелеуге көшті. Фанатизм мен көрсоқырлық білім жүйесіне ене бастады. Неге қателескенін білмедік, оқыған деген кейбір адамдар шеттен келген шала сауаттылардың жетегінде кеткені ойландырады, қамықтырады. Сирияда соғысқа барып адасқандардың трагедиясы сіздерге белгілі. «Жусан» операциясының арқасында елге оралғандардың көз жасы бәрімізді ойландырды, - деді ол.


Фото: egemen.kz