Қазақстандағы конституциялық реформа мемлекеттік билікті барынша ашық, қоғам алдында есеп беретін және азаматтарға жақын етуге бағытталған. Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында осындай ой айтты.
Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер формалды жаңғырту шеңберінен шығып, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға арналған.
- Әңгіме билік ашық әрі қоғамға есеп беретін, ал институттар жедел әрі әділ жұмыс істейтін мемлекеттің жаңа архитектурасы туралы болып отыр. Бүгінде адамдарды кез келген құқықтық тұжырымдардан гөрі көбірек толғандыратын бір қарапайым сұрақ бар. Осы реформадан кейін мемлекет адамдарға жақындай түсе ме? Жауабымыз «иә» болса, демек біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын, - деді депутат.
Сондай-ақ, ол реформаның тиімділігі жаңа институттардың санына қарай емес, азаматтардың өміріндегі нақты өзгерістер арқылы бағалануға тиіс екенін атап өтті. Асхат Рахымжанов адам құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейтудің, соның ішінде заңда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып, бейбіт жиналыстар өткізу құқығын қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салды.
Фото: aladop.kz