«Заң мен тәртіп» қағидаты әділетті қоғамның негізі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның үшінші отырысында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бірпалаталы парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптастыру партиялық-саяси пікірталастың сапасын арттырып, қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтеді.
– Пропорционалды негізде құрылатын бірпалаталы парламент саяси партиялардың ықпалын арттырады. Көппартиялы өкілдік – демократияның басты көрсеткіші әрі саяси жүйенің тұрақтылығының берік негізі, – деді Магеррам Магеррамов.
Депутат сондай-ақ жаңа парламенттік жүйе заң шығарушы органның ықпалын күшейтетінін және саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететінін, ал «Заң мен Тәртіп» қағидатын Конституцияда бекіту азаматтардың құқықтарымен міндеттерінің теңгерімді үйлесімін қалыптастыратынын атап өтті.
– Заң тәртіпсіз күшін жоғалтады, ал заңсыз тәртіп озбырлыққа айналады. Сондықтан «Заңмен Тәртіп» – әділетті қоғамның ажырамас құрамдас бөліктері және азаматтардың қауіпсіздігі мен еркіндігінің кепілі, – деп нақтылады ол.
Фото: qazaqparat.kz