Бұл мақалада Ораза кезінде қандай тағамды тұтынып, қай тағамнан аулақ болу керектігі туралы жазамыз. Дәрігер-диетолог Жанна Нұрберген құнарлы тамақтарға басымдық беріп, шаршауға, шөлдеуге әкелетін тамақтардан бас тартуды ұсынды.
«Ақуызға бай ет, балық, бұршақ, жұмыртқа секілді тағамдарды күніне 2-3 реттен тұтыныңыз. Пайдалы майлар: рафинирленбеген өсімдік майлары, малдың майы, сары май рационда болу керек. Онымен қоса, күрделі көмірсу болғаны дұрыс: қара кебекті нан, көкөністер, жармалар, дәнді-дақылдар», - деді Жанна Нұрберген.
❌Дәрігер тұтынуға кеңес бермейтін тағам мен сусын түрлері:
- Нитрит тұздары қосылған өнімдер – шұжық өнімдері;
- Тәтті тағамдар, кондитерлік өнімдер;
- Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған өнімдер (нан, макарон өнімдері, т.б);
- Энергетикалық, тәтті сусындар;
- Кетчуп, майонез, түрлі соустар;
- Өсімдік майына қуырылған майлы тағамдар.
Қалай дұрыс ауыз ашамыз?
Бірінші кезекте жылы су, құрмамен ауыз ашып, 15 минут тамақтанбай, күту керек. Одан кейін ыстық тамақ алдында салат жеген жөн. Құрамындағы өсімдік талшықтары ішектегі артық шлактарды тазартуға көмектеседі. Аз-аздап бірнеше рет тамақ жеген жөн.
Сәресіне не жеген пайдалы?
Сұлы, қарақұмық, күріш, арпа жармасы, жұмыртқа, сүт өнімдері, қантсыз айран, йогурт, еттің барлық түрлері және қара нан. Ақ ұннан жасалған нанды жеуге мүлдем кеңес берілмейді.
❗️Дәрігер оразаны барлығына бірдей ұстауға болмайтынын ескертеді. Денсаулығыңызға қатысты сұрақтар туындаған жағдайда, міндетті түрде терапевт, эндокринолог мамандармен кеңескен дұрыс.
Дереккөз: inbusiness.kz
Фото: freepik.com