Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындары мәресіне жетті. Қысқы Олимпия ойындарындағы Қазақстан ұлттық құрмасының нәтижесі қандай? Спорт және туризм министрлігі төрт жылдықтың басты додасын қорытындылады.
Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы Олимпиадаға 10 дисциплина бойынша 36 спортшымен (18 ер, 18 әйел) қатысқан. Атап айтқанда, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл-акробатика, фристайл-могул, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон және шаңғы қоссайысы спорт түрлерінен сынға түскен. Қазақстандық спортшылар 49 медаль жиынтығы сарапқа салынған бәсекелерде бақ сынаған.
Отандық спорт үшін биылғы Олимпиаданың ең ірі жетістігі 13 ақпанда тіркелген. Сол күні Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиадада 32 жылдан кейін алғаш рет жеңіп алған алтын медалі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел тарихында алғаш рет Олимпиада чемпионы шыққан сәт. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстан қоржынында 2014 жылғы қысқы Олимпиадада Денис Тен салған қола жүлде ғана бар еді. Ал 2022 жылғы Олимпиадада аталған дисциплинада отандық спортшылар қатысқан жоқ. Ал Шайдоровтың жеңісіне дейін Қазақстан алғаш рет қысқы Олимпиададағы алтын медалін 1994 жылы жеңіп алған болатын. Сол жылы шаңғышы Владимир Смирнов Олимпиада чемпионы атанған еді.
Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 94 елдің ішінде 19-орынға тұрақтаған.
Дереккөз: KAZ.NUR.KZ.
Фото: gov.kz