"Атамұра" баспасының кітап дүкені жаңартылған форматта ашылды. Айттың алғашқы күніндегі айшықты оқиға - оқырманына есігін айқара ашқан кітап дүкені көздің жауын алады. Әсем безендірілген, әдемі әспеттелген.
Кітап дүкені жай ашылмады. Ә дегеннен, көркем проза «Көк кептердің көргені» кітабын таныстырды. Кітап авторы белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты – Қуандық Түменбай.
Халықтың рухани сұранысына сай аса қажет кітаптарды шығарып келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед жаңаша жаңғырған кітап дүкенінің алғашқы шарасы - «Көк кептердің көргені» кітабының қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған ақын-жазушылар Кәдірбек Сегізбайұлы, Әділғазы Қайырбек, Қайнар Олжай және ғалым Мамай Ахеттер айтта айшықталған "Атамұра"баспасының ілкімді істеріне сәттілік тілеп, «Көк кептердің көргені» кітабының оқырманы көп болуына ізгі тілектерін білдірді.
Аталған кітапқа автордың хикаяттары мен әңгімелері топтастырылған. Жинақтағы «Көк кептердің көргені» хикаятында адам жанын емдеуші дәрігер мен құстар әлемі өзара астасып, ізгілік пен мейірім тақырыбы шынайы көрініс табады.
Сонымен қатар, «Мешіттің маңы», «Талтүсте өткен той», «Қой баққан балерон» және өзге де әңгімелерінде жазушы замандастар бейнесін, олардың мінез-құлқы мен бүгінгі қоғамдағы өзгерістерді көркем тілмен өрнектейді. Жинақтағы шығармаларда қазіргі қазақпрозасындағы адамгершілік тақырыбы мен қоғам көрінісі жаңа қырынан суреттелген.




