Үкімет «Көмір генерациясын дамыту» жөніндегі Ұлттық жобаны бекітті. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы жауапты органның баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық жобада 7,8 ГВт қуат көзін енгізу және жаңарту қарастырылған. Сегіз жаңа энергия өндіру көзін салу жоспарланған, оның ішінде Екібастұз (2 640 МВт), Курчатов (700 МВт) және Жезқазғандағы (500 МВт) ірі нысандар, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемендегі заманауи ЖЭО-лар бар. Сонымен қатар Ақсу ГРЭС, Екібастұз ГРЭС-2 және Қарағанды энергия торабын қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған 11 стансаны терең жаңғырту басталады. Бұл жұмыстар саладағы негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 2030 жылға дейін 12,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаларды жүзеге асыру бюджеттен тыс қаражатқа, яғни инвестициялар тарту жолымен орындалады. Инвестициялардың жалпы көлемі 7,5 трлн теңгеден астам соманы құрайды.
Жоба аясында 4,5 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу қарастырылған. Сондай-ақ «Отбасы банкімен» бірлесіп көмір электр стансаларының қызметкерлері үшін жеңілдікті ипотека енгізілмек. Одан бөлек салалық жоғары оқу орындарының базасында мамандардың біліктілігін жүйелі түрде арттыру жоспарланып отыр.
Фото: samruk_energy