Астанада жұмыс табу жеңілдейді: Мансап орталығы үш жерде ашылды.
Астана қаласы әкімдігі елордада жаңа 3 мансап орталығы ашылғанын хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, кейінгі 3 ай ішінде Мансап орталығының жұмыспен қамту шараларымен 5 160 адам қамтылған, оның ішінде 2560-ы – жастар.
Астанада жаңадан ашылған мансап орталықтары мына мекенжайларда жұмыс істейді:
- Есіл – Нұра аудандарының Мансап орталығы (Достық даңғылы, 13);
- Сарыарқа – Байқоңыр аудандарының Мансап орталығы (Бейбітшілік көшесі, 9);
- Алматы – Сарайшық аудандарының Мансап орталығы (А. Байтұрсынұлы к., 29/2).
Мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерге «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша айлығы 130 мың теңге болатын жұмыс ұсынылады. Қазір 400-ден астам жұмыс беруші Жастар практикасы бойынша 1500 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.
50 жастан асқан азаматтарға «Күміс жас» бағдарламасына қатысу ұсынылады. Бұл бағдарлама аясында 3 жылға дейін жұмысқа орналастырып, мемлекет тарапынан жалақының 70%-ына дейін субсидия беріледі.
Кадрларға қажеттілігі бар жұмыс берушілер қысқа мерзімді курстар арқылы мамандар даярлауға өтінім бере алады.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 1 900 ұйымнан 5 000-нан астам бос жұмыс орны орналастырылған.
Фото: egemen.kz