Алматы облысында жолдың бір бөлігі опырылды
Алматы облысында "Кеген – Нарынқол" автожолының бір бөлігі опырылды. Учаскедегі көлік қозғалысы уақытша шектелді.
"Аталған учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына жатпаған. Қазіргі уақытта бұл жол бөлігі орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мердігер ұйымның қарауында", - делінген хабарламада.
Ұлттық компанияның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, 2026 жылғы 3 сәуір сағат 11:30 шамасында республикалық маңызы бар "Кеген – Нарынқол" автожолының 20-шақырымында еріген суларды өткізу кезінде қолданыстағы су өткізу құбырының зақымдануы және жол төсемінің шайылуы тіркелген.
Бұл жайттан кейін учаскеде қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылған.
"Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта шамамен 20 арнайы техника жұмылдырылып жатыр.
Жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізу құбыры мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары еріген судың өтуі толық аяқталғаннан кейін басталады", - делінген хабарламада.
Фото: gov.kz