2026 жылдың 8 сәуірінде сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәстүрлі «Сәнік оқулары» аясындағы «Зейнолла Сәнік – жазушы, баспагер, редактор, этнограф» атты республикалық дөңгелек өтеді.
Дөңгелек үстел барысында «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындысы шығады.
Іс-шара аясында «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» арнайы шәкіртақысы табысталады.
Дөңгелек үстелге зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Зейнолла Сәніктің отбасы, әріптестері, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары, белгілі баспагерлер, дизайнерлер, студенттер мен магистранттар, докторанттар қатысады.
Қосымша ақпарат:
Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік – көрнекті жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы. 1935 жылдың 15 сәуірінде ҚХР, Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1945-1953 жылдар аралығында орта мектепте оқыды. 1953-1958 жылдары Бейжіңде Коммунистік жастар одағы орталық комитетінің мектебінде тәлім алды. 1953 жылдан бастап Шағантоғай ауданының екінші, үшінші аудандарында Жастар одағының кадры есебінде еңбек етті. 1957-1970 жылдары Үрімжідегі «Жастар баспасында» редакторлық қызмет атқарады. 1970-1978 жылдар «Халық жауы» атанып Бұратала облысының Жың ауданында еңбекпен өзгертуде болды. 1978 жылы ақталған. 1978 жылдан «Халық баспасында» редактор, 1980 жылы «Шыңжаң халық баспасының» қазақ редакциясының балалар бөлімінің редакторы, 1982 жылы тете-аға редактор, 1986 жылы аға-редакторлық кәсіптік-техникалық атақ алды. 1992-1999 жылдары «Шыңжаң жастар өрендер» баспасында жетекші маман ретінде аға редактор болып еңбек еткен. 2000 жылы тарихи Отанына оралған жазушы Алматы қаласына қоныстанып, үздіксіз шығармашылық, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Саналы ғұмырын ұлт руханиятына, баспагерлік пен шығармашылыққа арнаған қадірлі қаламгер 2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден өтті.
Оның «Тау жұлдызы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Қайрақбай», «Басбай», «Сергелдең», «Із», «Тұғырыл хан – Демежан батыр», «Қазақ этнографиясы», «Сүлеймен би», т.б. кітаптары жарық көрген. 2017 жылы «Ан Арыс» баспасынан 15 томдық шығармалар жинағы шыққан.
2018 жылы құрылған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры» – жазушының шығармаларын насихаттау, зерттеумен қатар әдеби-мәдени, ғылыми бағыттағы іс-шараларды өткізіп келеді.
ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультеті.
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор А.Рамазан
Ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары – Н.Д.Тілеубаева +77476354596
Жетекші маман М.Альмухаметова, тел.: +77075358455