Қазақстандықтарға АИ-92 бензині бағасының өсетіні туралы ескертілді
Қазақстанда 1 сәуірде АИ-92 бензині мен жазғы дизель отынының бөлшек бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталды.
Бұл мәліметті үкімет брифингінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты.
“Бұған дейін мемлекет реттеп келген мотор отындарының бағасы күрт өскен жоқ. Энергетика министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, әкімдіктер және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының арқасында осындай нәтижеге жеттік. Демек, жағдайды объективті бақылап, бәсекелестікке қарсы әрекеттерге жол бермеу маңызды”, – деді вице-министр.
Есімхановтың айтуынша, АИ-92 мен дизель бағасы көрші елдермен салыстырғанда біртіндеп өсуі мүмкін. Бірақ бірден қымбаттамайды.
“Екіншіден, көтерме бағалардың қалай қалыптасатынын ескеру керек. Себебі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі артық пайда мен басқа да жайттарды бақылауда ұстап отыр. Сондықтан мен және әріптестерім жанар-жағармайдың бөлшек бағасы күрт өспейтінін сеніммен айта аламыз. Нарықтық өсім болуы мүмкін. Себебі көрші елдерде отын бағасы әлдеқайда жоғары. Сондықтан баға біртіндеп өсуі ықтимал. Бірақ күрт өсім болмайды”, – деді Есімханов.
Еске салайық, 2025 жылы 16 қазанда жанар-жағармай бағасын ұстап тұру үшін мораторий енгізілген еді. Оған сәйкес:
АИ-92 бензині – литріне 213-239 теңге аралығында;
дизель отыны – 317-337 теңге аралығында белгіленді.
Ал биыл 31 наурызда Қазақстанда АИ-92 бензині мен жазғы дизель отынының бөлшек бағасын көтеруге қойылған мораторий аяқталды. Осылайша, 1 сәуірден бастап жанармай құю станциялары (ЖҚС) отын бағасын көтеруге қайта мүмкіндік алды.
Алғашқылардың бірі болып демалыс күндері Qazaq Oil (PetroRetail компаниясы) бағаны өсірді.
Атап айтқанда, демалыс күндері елордада осы желідегі АИ-92 бензинінің бағасы 237 теңгеден 238 теңгеге дейін көтерілді. Ал жазғы дизель отынының литрі 327 теңгеден 328 теңгеге дейін өсті.
Фото: freepik.com