Қазақстандықтар “айыппұл“ төлегенде бүкіл ақшасынан айырылып қалуы мүмкін: себебі айтылды.
Полиция қазақстандықтарға eGov.kz электронды үкімет порталын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.
Схема қалай жұмыс істейді?
Абай облыстық ПД мәліметінше, қаскөйлер жеке мәліметтерді иемдену үшін азаматтардың мемлекеттік қызметтерге сенімін теріс пайдалануды бастаған. Мобильді телефондарға мемлекеттік байланыс орталығының ресми нөмірінен келгендей хабарламалар түседі. Онда айыппұл салынғаны туралы айтылып, оны тексеру немесе төлеу үшін сілтеме арқылы өту ұсынылады.
Сілтеме eGov ресми порталына ұқсас болғанымен, шын мәнінде жалған сайтқа бағыттайды. Кез келген көлік нөмірін немесе ЖСН енгізген кезде жүйе пайдаланушының сеніміне кіру үшін айыппұл туралы жалған ақпаратты автоматты түрде шығарады. "Төлеу" батырмасын басқанда, сайт банк картасының толық деректерін сұрайды, кейін алаяқтар бұл мәліметтерді қаражатты заңсыз жымқыру үшін пайдаланады.
"Алаяқтықтың басты белгісі қате деректерді енгізген кезде де жүйе "айыппұлдың" барын көрсетеді. Бұл - азаматтарды шатастырып, "айыппұлды" тез арада төлеуге итермелеуге бағытталған психологиялық әдіс", - делінген хабарламада.
Полиция мемлекеттік органдардың SMS арқылы жеке немесе банк деректерін сұрамайтынын ескертеді. Айыппұлдарды тек сенімді ресми платформалар арқылы ғана тексеруге болады.
Қазақстандықтарға арналған ұсынымдар
- Күдікті сілтемелерге өтпеңіз.
- Бейтаныс сайттарға жеке деректеріңізді енгізбеңіз.
- Айыппұлды тез арада төлеуді талап ететін хабарламаларға сенбеңіз.
- Күмәнданған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
Фото:polisia.kz