Алматыда 4 мыңнан аса көлік айып тұрағына қойылып, мемлекеттік нөмірі тәркіленді: полиция өкілі себебін айтты.
Алматыда "Стоп – бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі анықталған.
Алматы полиция департаментінің Instagram-дағы аккаунтында мәлімдеуінше, полицияны әсіресе жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар алаңдатып отыр.
Олар – көлік құралын мас күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, сондай-ақ жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару. Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану жағдайлары да тіркелген.
Іс-шара кезінде 4,7 мыңнан астам көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленген.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау шаралары күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы қауіп-қатерлер әлі де адам факторына байланысты сақталып отыр.
"Біз тек өрескел құқық бұзушылықтарды ғана емес, сонымен қатар агрессивті жүргізу әрекеттерін де тіркеп отырмыз. Кенет маневр жасау, жол ережелерін елемеу, өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметсіздік таныту жиі кездеседі. Әсіресе мас күйде көлік жүргізетіндерге, жүргізуші куәлігінсіз немесе жалған нөмірмен әдейі басқаратын тұлғаларға ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді", - дейді полиция полковнигі Сарғұлов.
Іс-шара аясында түнгі шаралар оның ішінде әл-Фараби даңғылында бақылау күшейтілген. Сондай-ақ полицияның өзге де бөлімшелерін тарта отырып, қосымша патрульдеу ұйымдастырылған.
Электросамокат пайдаланушыларына да ерекше назар аударылған. Рейд нәтижесінде мыңдаған құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қала әкімдігімен бірлесіп, жол қозғалысына кедергі келтірген және ережені сақтамай қойылған көптеген самокат көшелерден алынған.
Фото:NUR.KZ