Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте топ-7 қатарына енді
Әйелдер арасындағы ұлттық құрамалардың жаңартылған әлемдік рейтингі жарияланды. Онда Қазақстан құрамасының көрсеткіші жақсарған.
Қазақстанның ұлттық құрамасы өз көрсеткішін жақсартып, тоғызыншы сатыдан жетінші орынға көтерілді.
Рейтингтегі ілгерілеуге іріктеу кезеңінде 2023 жылғы әлем чемпиондары – Канада құрамасын жеңуі себеп болды. Астанада өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Бұл жеңіс қазақстандық теннисшілерге 2026 жылдың күзінде Шэньчжэньде (Қытай) өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді.
Әлемдік рейтингте Италия көш бастап тұр. Сондай-ақ үздік үштікке Ұлыбритания мен Украина енді. Жаңартылған тізімде Қазақстан Канаданы артқа тастап, Испания, Чехия және АҚШ бастаған алдыңғы қатарлы топқа жақындады.
Фото: ҚТФ баспасөз қызметі