Түркияда оқушы бұрын оқыған мектебінде атыс шығарды: 16 адам зардап шеккен

Түркияда оқушы бұрын оқыған мектебінде атыс шығарды: 16 адам зардап шеккен

Түркияның Шанлыурфа провинциясы Сиверек ауданындағы Ахмет Коюнджу атындағы кәсіптік-техникалық Анадолы лицейінде қарулы шабуыл болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаны мектептің бұрынғы оқушысы ұйымдастырған.

Не болды?

14 сәуірде таңертең мылтықпен қаруланған жігіт оқу орны аумағына басып кіріп, аулада бейберекет оқ жаудырған. Кейін ғимарат ішіне кіріп, оқушылар мен мұғалімдерге қару кезеніп, шабуылын жалғастырған.

Мәліметтерге қарағанда, кейбір оқушылар терезеден секіріп, жандарын сақтап қалмақ болған. Қауіпсіздік күштері мектептен адамдарды жедел түрде эвакуациялады. Шабуыл кезінде қаза тапқандар жоқ екені атап өтілді.

Шабуылшы туралы не белгілі?
Губернатордың нақтылауы бойынша, шабуылшы бұған дейін осы мектепте 9-сыныпқа дейін оқып, кейін "ашық орта мектеп" бағдарламасына ауыстырылған.

Билік өкілдерінің айтуынша, ол полиция операциясы басталғаннан кейін сол қарумен өз-өзіне қол жұмсаған.
Билік реакциясы
Губернатор Шылдак оқиғаның жан-жақты зерттеліп жатқанын жеткізіп, зардап шеккендерге көңіл айтты. Түркия Ішкі істер министрлігі ауқымды тергеу басталғанын және оның қорытындысы жарияланатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ билік болған жағдайдың барлық мән-жайы, соның ішінде оқу орындарындағы қауіпсіздік шаралары қарастырылатынын айтты.

Фото:Х/@neticemedya