Ақтөбелік дәрігерлер 20 күндік сәбидің өмірін сақтап қалды
Ақтөбеде дәрігерлер 20 күндік шақалақтың аналық безінде ісік барын анықтаған. Олар сәбидің ағзасын зақымдамай ісікті алып тастады.
Операция эндовидеохирургиялық әдіспен жасалды. Әдеттегі үлкен тіліктердің орнына хирургтер өте жіңішке құралдар мен шағын тесіктер арқылы енгізілетін бейнекамераларды қолданды. Мұндай тәсілмен қатерсіз ісікті алып тастап, жаңа туған сәбидің ағзасына түсетін жүктемені азайтуға болады.
"Аналық бездің сау тіндерінің шегінде лапароскопиялық овариоцистэктомия жасалды, яғни аналық бездің бір бөлігі сақталды. Себебі киста оң жақ аналық безден шыққан, ішінара 180 градусқа бұралу болған. Осы кистаны алып тастадық, сонымен қатар қыз баладан екі жақты шап жарығы анықталды. Оны да бір наркозбен, бір операция барысында бірден жойдық", – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургі Егор Роскидайло.
Дәрігерлердің айтуынша, жасалған ота баланың әрі қарайғы дамуына әсер етпейді, яғни болашақта қыз бала ана бола алады. Қазір сәби неонатологтардың бақылауында тез қалпына келіп жатыр және жақын күндері үйіне шығаруға дайындалып жатыр. Мамандар заманауи технологиялардың енгізілуі жаңа туған нәрестелерге жасалатын операциялардың қауіпсіздігін айтарлықтай арттырды деп отыр. Соңғы жылдары ғана 140-тан астам сәтті ота жасалған.
Қыздың анасы Жанар Тасмағамбетова жүктілік кезінде балада киста барын ешкім айтпаған дейді. Бұл туралы босанар алдында, УДЗ жасағанда білген.
“Ота сәтті өтті, хирургтер кистаның көлемі 7 сантиметр болғанын айтты, оны толық алып тастап, аналық бездерін сақтап қалды. Қазір қызымның жағдайы жақсы. Дәрігерлерге үлкен алғысымды білдіремін", – деді анасы.
Фото:Видеодан скрин