Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады

Бүгін, 24 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады. Бұл жолы да базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды.

Проинфляциялық тәуекелдер ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында сыртқы инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты. Сонымен қатар, мораторий аяқталған соң ТКҚ мен ЖЖМ тарифтерінің инфляциядан жоғары қарқынмен қайта өсуі, сондай-ақ реттелетін бағалардың артуы қосымша тәуекел тудырады. Бұл өзгерістер бизнестің шығындарын көбейту арқылы тауарлар мен қызметтердің бағасына қайта әсер етуі мүмкін.

"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция 2026 жылғы наурызда 11 пайызға дейін баяулаған (ақпанда – 11,7 пайыз): азық-түлік инфляциясы – 11,7 пайыз (12,7 пайыз), азық-түлікке жатпайтын инфляция – 11,3 пайыз (11,6 пайыз), сервистік инфляция – 10,0 пайыз (10,8 пайыз).
"Инфляцияның баяулауына бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары, айырбас бағамының қолайлы серпіні, тұтынушылық кредиттеу қарқынының баяулауы аясында тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, сондай-ақ ТКҚ мен ЖЖМ бағасын өсіруге қойылған мораторий мен Үкіметтің басқа да инфляцияға қарсы шаралары септігін тигізді", - делінген хабарламада.
Наурызда айлық инфляция ақпандағы 1,1 пайыздан кейін 0,6 пайызға дейін төмендеген. Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция да баяулаған. Дегенмен, олардың ағымдағы деңгейі бұрынғыша 5 пайыз нысанаға қол жеткізу үшін қажетті деңгейден жоғары қалыптасып отыр, бұл экономикада инфляциялық қысымның сақталғанын көрсетеді.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері 14,6 пайыз (13,7 пайыз) деп бағаланып, жоғары қалпында қалған. Нарыққа кәсіби қатысушылардың 2026 жылға инфляция бойынша күтулері 10,0 пайыз деңгейінде сақталып отыр.
"Сыртқы секторда Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы энергия ресурстарына, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуіне әкеп соқты. Бұл жағдай бірқатар елде инфляциялық қысымды күшейтіп, Қазақстан үшін де сырттан келетін тауарлардың қымбаттау қаупін еселей түсті.

Ресей Федерациясында инфляция деңгейі әлі де жоғары. Соған қарамастан, Ресей Орталық банкі 2027 жылы оны нысаналы көрсеткішке дейін төмендету бағытын ұстанып келеді. Ал Еуроаймақ пен АҚШ-та наурыз айында инфляцияның жеделдеуі нарықтағы белгісіздік пен тәуекелдерді еселей түсті. Осыған байланысты ЕОБ мен ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді өзгертпеу туралы шешім қабылдап, алдағы уақытта да мейілінше сақтық танытатынын растады", - делінген хабарламада.
Алдын ала деректерге сүйсенсек, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі жылдық мәнде 3,0%-ды құрады. Мұнай секторындағы динамиканың бәсеңдегеніне қарамастан, басқа салалардағы жоғары іскерлік белсендiлiктiң арқасында экономиканың даму көрсеткіші тұрақты сипат алып отыр. Әсіресе, құрылыста, көлік пен өңдеу өнеркәсібінде және сауда саласында жоғары өсу қарқыны байқалады.
Бизнестің жаңа салық талаптарына бейімделуі мен халық арасындағы жоғары инфляциялық күтулер де тұрақты бақылауды қажет етеді. Ортамерзімді кезеңде инфляцияны төмендету бағытын сақтап қалу үшін бюджет шығындарын жүйелі түрде оңтайландыру мен квазифискалдық ынталандыру шараларын байыппен жүргізу маңызды шарт болып қала береді.
Қазіргі дезинфляциялық процестерге тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалыпқа келуі, соның ішінде бөлшек кредиттеудің бәсеңдеуі оң әсер етіп отыр. Мұндай динамика ақша-кредит шарттарының бірқалыпты қатаң деңгейде сақталуына, сондай-ақ ЕТРТ-ні (ең төменгі резервтік талаптары) арттыру мен «айналау» операцияларын қоса алғанда, артық өтімділікті қысқарту шараларына байланысты қалыптасады. Сонымен қатар, теңге бағамының нығаюы да инфляцияны төмендетуге қосымша қолдау көрсетеді.
Қазіргі инфляцияның баяулау үрдісін алдағы уақытта бекіте түсу қажет. Ақша-кредит шарттарын жұмсартпас бұрын, реттелетін бағалар мен тарифтер реформасы қайта жанданған жағдайда және екінші жартыжылдықта квазифискалдық импульстің күшеюі аясында дезинфляциялық процестiң қаншалықты орнықты екенін растап алу қажет болады. Сонымен қатар, экономиканың салық саласындағы өзгерістерге бейімделу барысына талдау жасап, сыртқы экономикалық ахуалды мұқият қадағалап отыру маңызды.
Ұлттық Банк инфляцияның баяулау қарқынын, ішкі сұраныс динамикасын, бюджет шығындарының нақты орындалуын бақылауды жалғастыра береді. Сондай-ақ, фискалдық ынталандыру шаралары, реттелетiн бағалардың параметрлері мен сыртқы нарықтағы ахуалдың инфляциялық процестерге әсері тұрақты бағаланып отырады. Егер қазіргі үрдістер сақталып, күтпеген жағдайлар орын алмайтын болса, Ұлттық Банк алдағы шешімдерінде базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 5 маусымда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Фото:Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі