Тоқаевқа жаңа білім беру алаңдары таныстырылды: Астанада AI университеті ашылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралау барысында елдегі цифрлық білім беру экожүйесін дамытуға бағытталған жаңа жобалармен танысты.
Мемлекет басшысына 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы таныстырылды. Бұл алаң цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін жас буынға арналған.
Орталықта генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын әзірлеу, анимация, 3D-модельдеу, робот техникасы, киноөндіріс және цифрлық музыка секілді 11 техникалық әрі креативті бағыт бойынша білім беріледі.
Сонымен қатар Президентке AI Research University жобасы таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады.
Жоба аясында студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын, сондай-ақ Astana Hub ресурстарын пайдалана алады.
Оқу үдерісін биылғы 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Alem.ai орталығы Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді, білім беру бағдарламаларын және инновациялық стартаптарды дамытуға бағытталған стратегиялық алаң ретінде іске қосылып жатыр.
Фото: Ақорда