2026 жылдың 30 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде руханият әлемі үшін мәні бөлек ғылыми жиын өтті.
«Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті баспагер-редактор, Абай атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай дәстүрлі «Жұмаділов оқулары» аясында «Баспа үдерісіндегі әдеби шығарма: тарихи романдардың рецепциясы мен интерпретациясы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды.
Бұл конференция жай ғана мерейтойлық басқосу емес, қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының тағдыры, жазушы мұрасының ғылыми айналымдағы орны, баспа үдерісіндегі көркем шығарманың қабылдануы мен түсіндірілуі туралы терең ой қозғалған маңызды академиялық алаң болды. Қабдеш Жұмаділов есімі аталғанда ең алдымен ұлт тарихы, шекараның арғы бетіндегі қазақ тағдыры, азаттық рухы, шындықты бүкпей айтатын қаламгерлік мінез еске түседі. Сондықтан бұл жиынның өзегі де – жазушының әдеби мұрасын жаңа көзқараспен зерделеу, бүгінгі жас ұрпаққа қайта таныту болды.
Конференцияны «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы ашып, жиынның мақсаты мен маңызын атап өтті. Ғылыми басқосуға отандық және шетелдік ғалымдар, әдебиеттанушылар, жазушылар, баспа ісі мамандары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Алғашқы құттықтау сөз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Бауыржанұлына берілді. Ол өз сөзінде конференцияға қатысушыларды Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан халықаралық ғылыми жиынның ашылуымен құттықтап, бұл басқосудың ұлттық әдеби мұраны заманауи теориялық-әдіснамалық парадигмалар тұрғысынан қайта пайымдауға бағытталған маңызды алаң екенін айтты.
Проректордың айтуынша, конференция тақырыбы бүгінгі гуманитарлық ғылымдар кеңістігінде ерекше өзекті. Себебі әдеби рецепция, интерпретация және баспа үдерісінің өзара байланысын кешенді түрде қарастыру – тек әдебиеттану үшін ғана емес, жалпы ұлттық руханиятты тану үшін де қажет.
Келесі сөз Журналистика факультетінің деканы Әйгерім Болатханқызына берілді. Декан бүгінгі конференцияның ғылыми қауымдастық үшін пікір алмасуға, жаңа зерттеу бағыттарын айқындауға және интердисциплинарлық тәсілдер негізінде әдеби мұраны қайта қарастыруға мүмкіндік беретін беделді платформа екенін атап өтті. Ол конференцияда ұсынылатын баяндамалар тарихи роман жанрының рецептивтік және интерпретациялық қырларын терең ашып, әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
Жиын барысында «Баспа үдерісіндегі әдеби шығарма: тарихи романдардың рецепциясы мен интерпретациясы» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл жинақ – конференцияның ғылыми салмағын айқындайтын, зерттеушілердің Қабдеш Жұмаділов мұрасына қатысты ой-тұжырымдарын біріктірген құнды еңбек ретінде таныстырылды.
Конференцияда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы сөз сөйлеп, Қабдеш Жұмаділовтің тұлғалық болмысына ерекше тоқталды. Ол жазушыны ақиқатшыл, шыншыл, қасқайып тұрып шындығын айтқан ұлы қайраткер ретінде бағалады. Сондай-ақ Қабдеш Жұмаділовтің «Жазушы» баспасында еңбек етіп, кейін бірыңғай шығармашылық жолға түскенін айта келе, оның баспа саласындағы ең үлкен еңбектерінің бірі – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын редакциялауы екенін атап өтті.
Сөз кезегін бас баяндамашы, жазушы, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдеке алды. Ол Қабдеш Жұмаділовті «ұлт жазушысы» деп атады. Әдебиет сыншысының пікірінше, бұл атау жай ғана құрмет сөзі емес, жазушының биік деңгейін білдіретін үлкен өлшем.
«Орыстар Пушкинді халық ақыны демейді, ұлт ақыны дейді. Әлемдік әдебиеттануда ұлт ақыны, ұлт жазушысы деген ұғым қаламгердің өз талантымен ұлтты мойындатқанын білдіреді. Қабдеш Жұмаділов – сондай ұлт жазушысы», – деді ол.
Әмірхан Меңдеке өз баяндамасында тек жазушының шығармашылық тұлғасын ғана сөз етіп қоймай, Қабдеш Жұмаділов мұрасын зерттеу ісіне қатысты маңызды ұсыныс айтты. Оның пікірінше, бүгінгі қоғамда естелік жазу көбейгенімен, оның бәрі бірдей терең зерттеуге негізделе бермейді. Сондықтан Қабдеш Жұмаділов туралы естелік жазбас бұрын, ең алдымен оның мақалаларын, романдарын, әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, екшеп, саралау қажет.
Конференция халықаралық деңгейде өткендіктен, жиынға шетелдік қонақтар да қатысты. Доцент, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университеті Коммуникация және журналистика институтындағы «Телевидение» білім беру бағдарламасының жетекшісі Айна Дүйшекеева Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысып отырғанына қуанышты екенін білдірді. Ол конференция тақырыбының ауқымды әрі өзекті екенін атап өтті.
Сонымен қатар Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир де конференцияға қатысып, Қабдеш Жұмаділов шығармаларын күрделі әрі әдеби феномен ретінде бағалады. Оның айтуынша, жазушы мұрасы тек қазақ әдебиеті шеңберінде ғана емес, түркі әлемі руханияты кеңістігінде де маңызды орын алады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин өз сөзінде халықтың мұңын мұңдаған адамды қоғам қайраткері деп атауға болатынын айтты. «Соның бірі – Қабдеш ағам», – деген профессор қаламгердің елдік мүдде жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.
Конференция соңында жазушының ұлы Арман Жұмаділов қорытынды сөз сөйлеп, келген қонақтарға, спикерлерге, ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғыс білдірді. Ол әсіресе жастарға деген ізгі тілегін жеткізіп, мұндай іс-шаралардың жас ұрпақ үшін рухани маңызы зор екенін айтты.
«Осындай жиындардан жастарымыз жақсы дүниелер алып, кітап оқуға ынталанса, соның өзі бір бақыт. Болашақ әдебиеттанушылар дәл осы жастардың арасынан шығады», – деді Арман Жұмаділов.
Ғылыми жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Дариға ДОСАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультетінің
3-курс студенті