Қазақстанда электр энергиясы тарифтері өседі деп күтіледі: болжам қандай?
Қазақстанда электр энергиясы тарифтерінің өсуі күтіліп отыр. Бұл туралы энергетика вице-министрі Суңғат Есімханов мәлімдеді
Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер вице-министрден энергия өндіруші ұйымдардың берешегіне қатысты жағдай туралы сұрады. Жарияланған ақпаратқа сәйкес, бұл қарыз 37 миллиард теңгеден асады. Атап айтқанда, БАҚ өкілдері Есімхановтан бұл жағдайдың электр энергиясының құнына қалай әсер ететінін, баға өсімі күтіле ме және соңында қазақстандықтар қанша төлейтінін сұрады.
Энергетика вице-министрі мәліметінше, берешектер тарифтер есебінен өтеледі. Бұл ретте, оның айтуынша, шығындар құрылымында отын негізгі фактор емес. Шығыстардың қомақты бөлігін жөндеу жұмыстары мен жалақы құрайды.
"Бұл берешектер өткен жылдың екінші жартысында газ бағасының белгілі бір деңгейде өсуіне байланысты пайда болды. Болашақта олар тарифтер есебінен жабылады", - деді шенеунік.
Вице-министрдің болжамы бойынша, тарифтердің өсуі орта есеппен 4–5 пайыз болуы мүмкін.
"Біз қазір өтінімдерді қарастырып жатырмыз. Меніңше, бұл тарифтерге аса әсер ете қоймайды - шамамен орта есеппен 4–5 пайыз көлемінде болуы мүмкін", - деп толықтырды Есімханов.
Сондай-ақ ол мәселе тек электр энергиясына ғана қатысты емес екенін баса айтты. Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын қоса алғанда, бірқатар кәсіпорын жылу және сумен жабдықтауды қамтитын қызметтердің бірнеше түрін бірден ұсынады. Осыған байланысты берешек мәселесі Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп, кешенді түрде қаралатын болады.
Фото: depositphotos.com