Қазақстандықтар “белгісіз вирусқа“ шағымданды: дәрігерлер не дейді?

Қазақстандықтар “белгісіз вирусқа“ шағымданды: дәрігерлер не дейді?

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар суық тию белгілерінің ұзаққа созылатынын және жағдайы жақсарғаннан кейін қайта ауру асқынып, кей адамдарда асқынуларға әкелетін "белгісіз вирус" туралы жазып жатыр. Қазір елде нақты қандай вирустар таралып жатқанын және олардың бір-бірінен айырмашылығы неде екенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Қазақстандықтар ауру туралы не дейді?
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде қазақстандықтар ұзаққа созылған ауру туралы ұқсас оқиғаларымен бөлісіп жатыр. Адамдар құрғақ ұстамалы жөтелге, бас ауруына, дауыстың қарлығуына, әлсіздікке және мұрынның бітелуіне шағымданады.
Олардың айтуынша, ауру белгілері ұзақ уақыт сақталады.
"Белгілер басылмайды. Ауру беті қайтқандай болады да, қысқа мерзімді жақсарудан кейін қайта пайда болады. Өзіңе не болып жатқанын түсінбей қаласың", - деп жазады Алматы тұрғындарының бірі.
Астанада да қала тұрғындары вирусқа шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, ол әсіресе балаларда тез арада пневмонияға ұласады.
"Белгілердің ішінде: мұрынның бітелуі, жөтел, ол әсіресе бүлдіршіндерде тез пневмонияға айналады. Ауруханалар лық толы. Менде иіс сезу қабілеті де жоғалды. Жағдайым коронавирус кезіндегідей. Абай болыңыздар, қоғамдық орындарға негізсіз бармауға тырысыңыздар", - деп жазады елордалық желі қолданушысы.
Кейбіреулер мұндай жағдайдың басқа қалаларда да байқалып жатқанын атап өтті.
"Қарағандыда ұлым екеуміз ауырып жатырмыз. Пневмонияны болдырмау үшін бүгін рентгенге түстік. Бала иіс сезбейтінін айтады".
Желіде мұндай хабарламалар аз емес.
Қазір Қазақстанда қандай вирустар таралып жатыр?
Дәрігер-эпидемиолог, Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Манар Смағұл Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиялық маусым жалғасып жатқанын айтты.
"ЖРВИ бойынша эпидемиялық маусым дәстүрлі түрде қазаннан мамырға дейін созылады. Қазір біз маусымның аяқталу сатысындамыз", - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кейінгі аптада Қазақстанда 63 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген. Маусым басталғаннан бері барлығы 3,7 миллионнан астам жағдай анықталған.
Маманның мәліметінше, емделушілерден тек тұмау ғана емес, басқа да вирустар анықталған.
"3,7 миллион жағдайдың ішінде 2907 емделушіден тұмау вирусы анықталды. Негізінен бұл H3N2 - шамамен 90 пайызды құрайды, сондай-ақ H1N1 және В тұмауы вирусы да таралып жатыр", - деді Манар Смағұл.
Манар Смағұлдың айтуынша, бұл вирустар ең алдымен "жаңа" болғандығымен емес, олардың көптігімен және оларға қарсы вакцинаның жоқтығымен қауіпті.
Сондай-ақ тұмау емес басқа да вирустық инфекциялар таралған. Олардың маусымдағы айналымы 3109 жағдайды құрады:
33 пайыз - риновирустар,
22 пайыз - РС-вирустар,
12 пайыз - парагрипп,
10,55 пайыз - коронавирустар,
8 пайыз - аденовирустар,
7 пайыз - бокавирустар,
5,9 пайыз - метапневмовирустар.
"Олар тұмауға ұқсас және ағзаның жағдайына байланысты әртүрлі өтуі мүмкін. Кейбіреулер вирусты жеңіл өткерсе, басқаларында ауру ауыр болады. Егер белгілерді елемейтін болсаңыз, оларға бактериялық инфекциялар қосылып, асқынулар - отит, пневмония дамуы мүмкін", - деп түсіндірді маман.
Қазір қандай вирустар басым?
Манар Смағұл Қазақстанда эпидмаусым бойы сырқаттанушылықтың толқын тәрізді жүретінін түсіндірді: қазан айында ЖРВИ өсімі тіркелсе, қараша мен желтоқсанда оларға тұмау вирусы қосылды (сол кезде аурушаңдықтың күрт өсуі байқалды).
"Бұл H3N2 антигендік құрамының шамалы өзгеруімен байланысты болды, бұл тек Қазақстанда ғана емес, Азия мен Еуропаның басқа елдерінде де аурудың өсуіне әкелді", - деп түсіндірді сарапшы.
Эпидемиологтың айтуынша, сонымен қатар COVID-19-ды қоса алғанда, басқа да вирустық инфекциялар тіркеле берген. Кейінірек риновирус, РС-вирус және бокавирус сияқты тұмау емес вирустардың таралуы артқан.
Ал қазір негізінен риновирус, метапневмовирус және коронавирус таралып жатыр. Бұл ретте COVID-19 тұрақты түрде таралып жатыр.
"Әртүрлі вирустардың бір мезгілде таралуына байланысты адамдарда "жаңа түсініксіз вирус" пайда болды деген пікір қалыптасады". Бірақ іс жүзінде олай емес", - деп түсіндіреді Смағұл.
Фото:depositphotos.com