2026 жылдың 22 мамырында сағ. 14:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен публицист, жазушы, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әмірхан Меңдекенің 70 жасқа толуына орай өтетін «Әдеби сын дискурсының трансформациясы: цифрлық мәдениет және медиа тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтеді.
Конференцияда мынадай мәселелер талқыланады:
- Секция 1. Әдеби сын және цифрлық оқырман: рецепция, пікір қалыптастыру және мәдени талғам
- Секция 2. Әдеби сынның мультимедиалық формалары: блог, подкаст, booktube және әлеуметтік желі
- Секция 3. Әмірхан Меңдеке – әдеби сыншы, журналист, жазушы, ұстаз
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, белгілі қаламгерлер, Әмірхан Меңдекенің отбасы, әріптестері, шәкірттері, журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы, танымал баспагерлер мен дизайнерлер, студенттер мен магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар қатысады.
Қосымша ақпарат:
Әмірхан Меңдеке 1956 жылы 1 қаңтарда Түлкібас ауданындағы Дәу баба ауылында туған. 1972 жылы «Тұрар Рысқұлов» ауылында Абай атындағы орта мектепті бітірген. 1979 жылы ҚазМҰУ-дың филология факультетін тәмамдады. ҚазМҰУ-ды бітірген соң «Мектеп» баспасында аға редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосының бас директоры, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратында аға консультант болып жұмыс атқарды.
Республикалық баспасөзде 200-ге жуық әдеби-сын мақалалары бар. 2001 жылы «Орда» баспасынан «Сөз өнері: серті мен дерті» атты сыни мақалалар жинағы жарық көрді. 2022 жылы «Жалғыздық сені қайтейін» атты сыни мақалалар жинағы («Қайнар» баспасы), 2024 жылы «Тіліңді әулие тұт, сөзіңді – пір» кітабы («Әдебиет» баспасы) шықты. «Уақыт және қаламгер» әдеби сын жинағына бірнеше рет мақалалары жарияланған.
Ә.Меңдеке 2000 жылғы Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ МЕКЕН-ЖАЙЫ:
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті.
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор А.Рамазан
Ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары – Н.Тілеубаева
тел.: +7707-766-16-53