Тоқаев: Silk Way Star шетелдегі еліміздің ең танымал әрі беделді медиажобаларының біріне айналды

Silk Way Star музыкалық байқауы шетелдегі еліміздің ең танымал әрі беделді медиажобаларының біріне айналды. Бұл туралы Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

— Еліміздің мәдениеті жаһандық деңгейде лайықты түрде таныстырылып келеді. Халыққа кеңінен танылған, мойындалған әрі сүйікті музыканттарымыз, әншілеріміз, актерлеріміз, суретшілеріміз, би өнерінің шеберлері мен креативті индустрия өкілдері жаңа қазақ мәдени толқынының айқын символына айналды. Заманауи мәдени дипломатияның үлгісі ретінде Silk Way Star халықаралық музыкалық байқауы мойындалды. Бұл жоба шетелдегі еліміздің ең танымал әрі беделді медиажобаларының біріне айналды. Қазақстан халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты айтарлықтай күшейтіп, ауқымды мәдени-ағартушылық жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып, ғылыми бастамалар көтеріп келеді. Бұл — сан қырлы қазақ мәдениетінің танымалдығын арттыру бағытындағы жұмыстың дұрыс әрі маңызды бағыты, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі кездесудің маңызды күн қарсаңында өтіп жатқаны да символикалық мәнге ие екенін атап өтті. 1992 жылғы 22 мамырда Қазақстан беделді халықаралық ұйым — ЮНЕСКО-ның толыққанды мүшесі атанғанын еске алды.

— Айтпақшы, мен сіздерге бір жайтты айтқым келеді. Осыдан тура 34 жыл бұрын, 22 мамырда сіздердің Президенттеріңіз министрдің орынбасары лауазымында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне барып, ұйымның сол кездегі бас директоры Федерико Майормен бірге осы тарихи оқиғаға қатысты құжатқа қол қойған болатын. Осы жылдар ішінде ЮНЕСКО тізіміне еліміздің материалдық және материалдық емес мұраларына жататын жиырмаға жуық нысан енді. Олардың қатарында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де бар. Бұл тізім бұдан әрі кеңейе береді, — деді президент.

Фото: CCTV-15