19-21 мамыр аралығында Марокко Корольдігінің Марракеш қаласында Еуропа Кеңесі мен Интерполдың қолдауымен Cyber Games және Digital Security Challenge 2026 халықаралық жарыстары өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.
– Іс-шараға әлемнің 58 мемлекетінен келген өкілдер қатысып, олар 16 халықаралық команда құрамына біріктірілді. Турнир киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика, киберқақтығыстарға ден қою және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Тартысты сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үш қызметкері өнер көрсеткен команда айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қатысушылар киберқауіптерді анықтау және олардың жолын кесу саласындағы кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін, аналитикалық қабілеттері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті, – делінген хабарламада.
Қазақстандық мамандардың бұл жеңісі цифрлық қауіпсіздік саласындағы отандық құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін дәлелдеп, киберқылмысқа қарсы күрестегі Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты.
– Қызметкерлеріміздің бұл жетістігі – жай ғана жарыстағы жеңіс емес, бұл ұлттық киберқауіпсіздік мектебінің жоғары деңгейі мен қазақстандық мамандардың әлемдік аренадағы кәсібилігінің мойындалуы, – деп атап өтті ІІМ өкілдері.
Фото: Polisia.kz