Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалардан 1000-нан астам медаль жеңіп алды

2025-2026 оқу жылында еліміз дарынды оқушыларды қолдау жұмысын күшейтті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызмет

Баспасөз қызметінің берген мәліметіне сәйкес, 80-нен астам республикалық зияткерлік жарысқа 1,6 млн-ға жуық оқушы қатысты.

Халықаралық деңгейде ел намысын 5 052 оқушы қорғады. Олар 37 олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 026 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 190 алтын, 332 күміс және 504 қола медаль бар. Тағы 56 қатысушы арнайы марапаттарға ие болды.

Математика бағытындағы жетістіктерді бөлек атап өткен жөн. Қазақстан құрамасы Вильнюсте өткен European Mathematical Olympiad жарысында абсолютті көшбасшы атанды. Салоники қаласында өткен Balkan Mathematical Olympiad жарысында команда мықты математикалық мектептері бар елдер арасында жалпыкомандалық есепте 6-орын алды. Қазақстандық оқушылар Финиксте өткен әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрме Regeneron ISEF-ке де қатысты. Қатысушылардың бірі жасанды интеллектіні қолдану арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтау жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің білім грантын алды. Хьюстонда өткен робототехника бойынша халықаралық жарыстарда қазақстандық оқушылар 50 мыңнан астам қатысушы арасында 12 наградаға ие болды. Күздің соңына дейін ел оқушылары тағы 10-нан астам халықаралық жарысқа қатысуды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біржолғы төлем алады. Алтын медаль үшін 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000, қола медаль үшін 500 айлық есептік көрсеткіш қарастырылған. Педагог-жаттықтырушылар 8,5-тен 26,5-ке дейінгі базалық лауазымдық еңбекақы көлемінде ынталандыру төлемдерін алады.

Еске салайық, 2025 жылғы тамызда мемлекет басшысы олимпиада жеңімпаздарымен алғаш рет Ақордада кездесті. Тамыз кеңесі аясында ол олардың тәлімгерлерін де мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі