Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

27-29 мамыр аралығында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

— Мемлекет басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды, — делінген хабарламада.

28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді.

29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады. 

Бұдан бұрын мамырдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды.

Фото: Ақорда