Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдау толық автоматтандырылады

Елімізде мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесі толық цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мәлім етті.

Оның айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі — мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін «е-Қызмет» цифрлық жүйесі арқылы толық автоматтандыру. Енді кадрларды іріктеу мен басқару процестері цифрлық форматта жүзеге асырылады.

— Бұл ашықтықты және үміткерлердің мемлекеттік қызметке барлық саладан келуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар егер лауазым 3 айдан артық бос болса, «е-Қызмет» жүйесінде автоматты түрде конкурс жарияланады, — деді Ербол Жолданғар.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметке қажетті кадрларды ерте кезеңнен даярлау тетігі енгізіледі. Атап айтқанда, жоғары білімнің жекелеген мамандықтары мен білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға қабылдау конкурстық тәртіппен жүзеге асырылмақ.

— Мұндай тәсіл мемлекеттік аппараттың нақты қажеттілігіне сай жас мамандарды алдын ала даярлауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Сонымен қатар жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге дайындық институтын енгізу көзделіп отыр. Аталған институт мемлекеттік функцияларды тиімді орындауға қажетті негізгі құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру, оқыту және тәрбие іс-шараларының кешенін қамтиды.

Фото: Kazinform