Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланға көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. 2026 жылғы 22 мамыр мен 30 маусым аралығында құқықтық тәртіп әскерінің қатарына шамамен 7 мың адамды шақыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қайрат Ақтановтың төрағалығымен өткен көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте мәлім болды.
Қазір Ұлттық ұланның шақыру және жасақтау бөлімінің офицерлері 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада жұмыс жүргізіп жатыр.
Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтау, бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттерін атқаратын әскери бөлімдерге жіберіледі.
— Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп отыр. Күн сайын құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне 7 мыңнан астам ұландық сарбаз жұмылдырылады, тағы шамамен 2 мың әскери қызметші маңызды мемлекеттік нысандар мен ҚАЖ мекемелерін күзетуде қызмет атқарады, — делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бері құқықтық тәртіп әскері әскери қызметшілері мыңдаған құқықбұзушылықтың жолын кесіп, есірткі заттарын заңсыз сақтау фактілерін анықтады, заңсыз айналымнан шамамен 30 суық және атыс қаруы тәркіленді. Сонымен қатар ұландықтардың қырағылығы мен жедел әрекеттерінің арқасында адасып кеткен балалар мен жоғалған ұялы телефондар азаматтарға қайтарылды.
Ішкі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне ерекше рөл жүктелген. Күн сайын бөлімшелердің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті күзетуге, мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылады.
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі