ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Құрбан айт мейрамының тарихы қандай?

"Құрбан" сөзі араб тілінен аударғанда "жақындық", "жақын болу" деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы Алла тағаланың ризашылығына бөлену ниетінде Құрбан айт күндерінде мал шалумен байланысты.

Ислам дінінің басты мерекесі саналатын Құрбан айттың шежіресі ерте заманнан бастау алады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, Өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсіреді. Құрбан айт мерекесінің негізінде Алла Тағалаға деген құлшылық пен жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі мен жақсылығы жатыр.

Құрбан айт – елді қайырымдылықа, мейірімділікке, ізгілікке үндеп, араздасқандарды татулыққа шақыратын, елді біріктіретін рухани мереке.


Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі қандай?

Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп (міндет).

Ол үшін:


Құрбан шалудың арнайы уақыты бар ма?

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады.

Құрбандыққа қандай мал шалу керек?

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.



Құрбандыққа қандай мал сойылмайды?

Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.


Бірнеше адам бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болатын сияқты жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.


Құрбан малы қалай шалынады?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрауға болмайды. Өйткені құрбандық малын сою – тек техникалық әрекет емес, үлкен жауапкершілік пен рухани дайындықты талап ететін құлшылық.


Құрбандыққа шалынған малдың етін кімдерге тарату керек?

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп таратқан жөн. Бір бөлігі туған-туыс пен көрші-қолаңға тартылады. Ол адамдар бай болса да, құрбан малының еті таратыла береді. Ал екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өз отбасына, бала-шағасына беріледі. 


Арнайы белгіленген орындарда құрбан шалу


ҚМДБ тарапынан жыл сайын ұлық мереке қарсаңында барлық өңірлерде арнайы брифинг өткізіліп, жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде құрбан шалуға арналған орындар белгіленеді. Қалада арнайы белгіленген орындарда мал сою – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай жерлерде санитарлық талаптар сақталып, ветеринарлық бақылау жүргізіледі және қалдықтарды жою жүйесі жолға қойылған.

Ал көпқабатты үйлердің аулаларында немесе бейімделмеген жерлерде мал сою – қоғам талабына да, Ислам әдебіне де қайшы. Бұл әрекеттер басқа тұрғындарға қолайсыздық туғызып, қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін. Сондықтан әрбір мұсылман осы мәселеге саналы түрде мән беріп, белгіленген орындарды таңдауы тиіс.


Қоғамдық тәртіп және көршілік әдеп

Құрбан шалу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі. Басқаларға кедергі келтірмеу және қоғамдық орындарды ластамау – мұсылман әдебінің ажырамас бөлігі.

Әсіресе көпқабатты үйлердің маңында немесе адамдар көп жүретін қоғамдық жерлерде құрбан шалудан аулақ болу керек. Бұл – өзгенің құқығын құрметтеудің нақты көрінісі. Сол себепті, малды сою кезінде көршілерге немесе айналадағы адамдарға психологиялық немесе физикалық қолайсыздық келтірмеу маңызды.

Отбасы және рухани тәрбие

Айт күні отбасымен бірге дастархан басында жиналу, үлкендердің батасын алу, туыстар мен көрші-қолаңды зиярат етіп, бір-біріне ізгі тілек айту – мерекенің одан әрі шырайын ашып, сауабын еселейді.
Сонымен қатар балаларды қайырымдылыққа баулу өте маңызды. Оларды ет таратуға бірге апарып, мұқтаж жандарға көмектесуді көрсету – ең тиімді тәрбие.


Онлайн құрбандық – уақыт талабы

Қазіргі таңда құрбан шалудың онлайн түрі де кеңінен дамып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс беруге болады. Бұл қызмет арқылы құрбандық шариғат талаптарына сай арнайы орындарда орындалып, бейнетүсірілім тапсырыс берушіге жіберіледі. Ал еттері мұқтаж отбасына үлестіріледі. Бұл – уақыт талабына сай, ыңғайлы әрі сенімді жолдардың бірі.


Дереккөз: muftyat.kz

Құрбан айт құтты, шалған құрбандық қабыл болсын!