«Алтын белгіге» үміткерлер саны белгілі болды
Биыл 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.
- 2025 - 2026 оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері Министрліктің тұрақты бақылауында. Биыл елімізде 3 млн 900 мың оқушы білім алды. Оның ішінде мектеп қабырғасында 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың оқушы 11-сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 13 175 (6%), сондай-ақ «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны 11 сыныпта - 18 555, 9 сыныпта 31 181 оқушыны құрайды, - деді Ж.Сүлейменова.
Оның айтуынша, оқу жылында 763 колледжде 556 мыңнан астам студент білім алды. 168 мың студент оқуын аяқтайды, оның ішінде жұмысшы біліктілігі бойынша - 50 мың, ал дуалды оқыту бойынша – 47 400.
- 25 мамырда барлық білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары!» тақырыбында бірыңғай тәрбие сағаттары өткізіліп, оқу жылы қорытындыланды. Тәрбие сағаттарында адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды ілгерілету, инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру халықтық Конституцияда ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды, - деді министр.
Фото: Kazinform