Тікұшақ пен қымбат көліктер кортежі: Жаңаөзендегі түлектердің әрекеті тексеріледі

Тікұшақ пен қымбат көліктер кортежі: Жаңаөзендегі түлектердің әрекеті тексеріледі
 Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жаңаөзендегі мектеп түлектерінің әрекетіне қатысты әлеуметтік желіде тараған видео жөніндегі сұраққа жауап берді.

Желіде тараған мәліметке қарағанда, кортежде автокөліктермен қатар, тікұшақ та болған.

- Мен бұл видеоны әлі көрген жоқпын. Бірақ Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы (мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды) міндетті орындалатын сипатта екенін атап өткім келеді. Егер бұл жағдай қоғамдық тәртіпке қатысты болса, балалар қауіпсіздігі ережелері бұзылса, онда заңнамаға сәйкес бұл әрекет тексеріледі, - деді Ж. Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға және заңсыз қаражат жинауға тыйым салынды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform