Жастар арасындағы жұмыссыздық: еңбек нарығына кіру қаншалықты қиын?

Бүгінде “диплом алсаң, жұмыс табылады” деген түсінік бұрынғыдай сенім бермейді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың 1-тоқсанындағы жағдай бойынша елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық 3%-ды құрайды. Республика бойынша жыл сайын шамамен 150 мыңға жуық түлек жоғары оқу орнын бітіреді. Алайда диплом алған жастардың барлығы бірдей жұмысқа тұра алмайды. Бұл еңбек нарығында жастар үшін айтарлықтай қиындықтардың бар екенін көрсетеді. Осы мақалада түлектердің жұмысқа орналасу барысында кездесетін негізгі кедергілерді талдап, олардың еңбек нарығына бейімделу жолдарын қарастырамыз.

Жас мамандар қандай қиындықтарға тап болады?

Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновтың айтуынша, түлектердің жұмысқа орналасудағы басты қиындықтарының бірі – тәжірибенің жоқтығы.

“Жұмыс берушілер еңбек өтілі бар мамандарды іздейді, ал жаңадан бітірген түлектерде ондай мүмкіндік бола бермейді. Университет қабырғасында алған теориялық білімнің тәжірибемен толықтырылмау мәселесі де бар”.

Сондай-ақ сарапшы еңбек нарығындағы бәсекелестіктің жоғары болуын атап өтті.

“Әсіресе гуманитарлық мамандықтарды бітірген түлектердің саны көп болғандықтан, жұмыс орындары шектеулі. Бұдан бөлек жастардың жеке байланыстары мен әлеуметтік капиталының болмауы да жұмыс табуға кедергі келтіреді. Кейде жұмысқа тұру үшін тек кәсіби біліктілік емес, дұрыс байланыстардың болуы да маңызды”, – дейді Ілияс Тілеубергенов.

Әлеуметтанушы жастардың еңбек нарығындағы құқықтық сауатсыздығы мәселесін де көтерді.

“Түлектердің басым көпшілігі еңбек келісімшарттарын түсінбеуі немесе өз құқықтарын қорғай алмауы мүмкін. Бұл олардың әділетсіз еңбек жағдайларында жұмыс істеп, төмен жалақы алуына әкеліп соғады”.

Жұмыссыз азаматтардың құқықтарын айта кету керек, бүгінде жұмыссыз қалған адамдар әлеуметтік сақтандыру қорынан алты 6 бойы жәрдемақы ала алады. Алайда жақында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев төлем мерзімін 4 айға дейін қысқартатынын растады. Сонымен қатар министрлік жүйедегі заңсыз әрекеттердің болғанына байланысты төлемнің шекті мөлшерін қайта қарайтынын айтты.

“Бізде өтініш беріп, жұмыссыз мәртебесі арқылы төлем алуға ұмтылатын азаматтар бар. Өтініш беріп, 1 миллион теңгеге дейін алған жағдайлар да тіркелген. Бұл қалыпты жағдай емес. Сондықтан біз барлық есептеу механизмін қайта қарап, шектелген жәрдемақы мөлшерін бекітеміз”, – деді министр.

Табыс талапқа сай ма?

Біз әлеуметтік желілерде жеке оқиғасын бөлісіп, еңбек нарығының жағдайы туралы пікірін білдіріп жүрген жастардың жазбаларын тауып көрдік.

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысының бірі HR-маманмен (жұмыс беруші) сөйлескеннен кейін ойын бөлісті:



“Жұмыс берушілер қазір жастардың төмен жалақыға көп жұмыс істеуге құлқы жоқ екеніне таңғалып отыр. Одан бөлек жұмыс пен жеке өмірді қатар алып жүруді қалайды екен. Аға буын оларды ерке деп санайды, ал, менің ойымша, бүгінгі жастар еңбек нарығында өздерін дұрыс бағалай алады”.

Тағы бір қолданушы еңбек нарығы жағдайына өз тәжірибесінің негізінде сипат берді:

“Мен елдегі үздік университеттердің бірін бітіргеніммен, жұмыссыз ретінде тіркеліп, еңбек биржасынан жалақысы 150-200 мың теңге аралығындағы бос орындарды ғана таптым. Неліктен 3-8 жыл бойы күрделі мамандықты оқып, ақырында курьер, даяшы мен такси жүргізушісінің жалақысына таласуымыз керек?”.

Шет елде жұмыс істеп жатқан азаматымыз да өз оқиғасын жазды:


“Мен Қытайда білім алдым. Тек бір жыл ғана оқуға мүмкіндік болды, кейін пандемия басталып, Қазақстанға оралдық. Оқуды онлайн жалғастырдық. Сонымен қатар call-орталығына жұмысқа орналастым, айына 75-90 мың теңге жалақы алдым.

Алты айдан астам уақыт сонда жұмыс істеп, кейін сату менеджері болып жұмысқа тұрдым. Екі жылдан кейін дипломымды қолыма алдым, сол кезде сату саласында екі жылдық тәжірибем бар еді, әрі сол компанияда жұмыс істеп жүрдім. Жалақым қалыпты деңгейде болды, бірақ мамандығым бойынша қандай бос жұмыс орындары бар екенін қызығушылықпен қарап көргім келді.

Бос орындардың жалақысы 150-250 мың теңге екенін көргенде, HeadHunter-ды (жұмыс іздейтін платформа – ред.) жауып, енді қайтып ашпауға шешім қабылдадым.

Қазір Қытайда жұмыс істеймін, жалақым жақсы. Бірақ айына 28-29 күн жұмысқа шығамын,, яғни айына небәрі екі күн демалыс бар. Еңбек демалысы, ауруханаға жату және мереке күндерінде де демалыс жоқ. Сондықтан бұл ақша да оңай жолмен келіп жатқан жоқ. Қазір осы жұмыс кестесіне байланысты аздап шаршадым. Енді қайда барсам болады деп ойланып жүрмін”.

Қазақстанда жастарды еңбек нарығына бейімдеу жүйесі

Елімізде жастарды еңбек нарығына бейімдеуді көздейтін бағдарламалар бар. Сондай бағдарламалардың бірі – “Жастар практикасы” жоғары оқу орнының түлектеріне меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мүмкіндігін береді. Оған білім беру ұйымдарын кейінгі 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер қатыса алады. Қатысушылар 12 айға дейін практикадан өтеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша бұл бағдарламаның аясында 9,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені құрады.

Алайда мемлекеттік жобалардың тиімділігі жайында Ілияс Тілеубергенов екіұшты ой білдірді:

“Мемлекеттік бағдарламалар жастарды уақытша жұмысқа орналастыруға көмектеседі, бірақ олар тұрақты жұмысқа кепілдік бермейді. Сонымен қатар бұл жобалар көбіне әкімшілік және мемлекеттік мекемелерде ғана іске асырылады, ал жеке секторда мұндай мүмкіндіктер аз”.

Сондай-ақ көп түлек жұмысқа бірден орналасудан бұрын тәжірибе жинау мақсатында тағылымдамадан өтетіні белгілі. Әлеуметтанушының айтуынша, тағылымдамалар кейбір ірі компанияларда қарастырылған, бірақ олар барлық түлекті қамти алмайды және көбіне ақысыз немесе төмен жалақымен шектеледі. Осы себепті көп жас маман мұндай бағдарламаларға қатысуға құлықсыз болады.

Мәселенің шешімі

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге қадам жасап, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген елдер бар. Соның ішінде Қытай – кешенді реформаларды жүзеге асырған елдің көрнекті үлгісі. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) хабарлауынша, Қытайда жан-жақты кәсіби оқыту курстарын ұсынатын 3000-нан астам «білікті жұмысшылар мектебі» құрылған және соның нәтижесінде түлектердің 95%-ға жуығы жұмысқа орналасады.

ХЕҰ білім берудің қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай болуының маңыздылығын атап көрсетеді. Олар жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресу үшін бірқатар шараларды ұсынады, оған кәсіби білім беру және оқыту бағдарламаларының өзектілігін арттыру, жастарды өз бизнесін ашуға ынталандыру және жастарды жұмыспен қамту қызметтерін күшейту кіреді.

Ілияс Тілеубергеновтың да проблеманы шешу бойынша қосары бар:

“Жастарды еңбек нарығына бейімдеу жүйесі дамып келе жатқанымен, оны жетілдіру қажет. Ең бастысы, университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, кәсіби бағдар беру жүйесін мектептен бастап күшейту және жастар үшін нақты, ұзақ мерзімді жұмыс орындарын құру маңызды”.

Жастардың жұмысқа орналасуы – тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Қазақстанда бұл бағытта көптеген қадам жасалып жатса да, жүйелі шешімді талап ететін түйткілдер бар. Жас мамандардың білімін практикамен ұштастыру, еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сай маман даярлау, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – осының бәрі мемлекет, бизнес және білім беру мекемелері бірлесіп жұмыс істегенде ғана шешіледі. Ең бастысы, жастардың өздері де еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін белсенділік танытқаны абзал.




Авторы: Гүлназ Рысбек, MNU студенті

Фото: open-almaty.kz

(скриншоттар әлеуметтік желіден алынды)