Динара Зәкиева балаларды қорғау жөніндегі жаңа құрылымның іске қосылғанын мәлімдеді
Еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы басқармалар құрылды. Бұл туралы Балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларға сәйкес жаңа заңдар қабылданып, балаларды қолдау тетіктері енгізіліп, балалық шақты қорғаудың заманауи инфрақұрылымы қалыптастырылды.
Бала – ең жоғары құндылық. Балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің басты басымдығы. Әрбір баланың құқығы, амандығы мен қауіпсіздігі мемлекет қорғауында, – деді Динара Зәкиева.
Балалар омбудсменінің айтуынша, бүгінде бала құқықтары тек заңнамалық деңгейде ғана емес, жаңа мемлекеттік институттар арқылы да қамтамасыз етіліп отыр. Соның маңызды нәтижелерінің бірі – әр өңірде әкімдіктер жанынан Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы басқармалардың құрылуы.
Динара Зәкиеваның сөзінше, бұл жұмыс 2024 жылдан бері жүргізіліп келген. Енді жергілікті атқарушы органдар құрылымында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаумен ғана айналысатын жеке бөлімшелер жұмыс істейді.
Осы уақытқа дейін өңірлік деңгейде тек бала құқықтарын қорғаумен айналысатын жеке құрылым болған жоқ, – деді ол.
Жаңа басқармаларды құру «Баланың құқықтары туралы» заңда бекітілген. Қазіргі таңда барлық қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті қаулылар қабылданды. Басқармалардың штаттық құрылымы мен кадрлық құрамы жасақталып жатыр.
Сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі уәкіл 2026 жылдың басында Қазақстанда «Қазақстан балалары» ұлттық стратегия-концепциясы қабылданғанын еске салды. Құжат алдағы жылдардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды.
Стратегия аясында балаларды қорғау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қолдау көрсету, білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік шараларын дамыту көзделген.
Өз үндеуінде Динара Зәкиева қазақстандықтарды балалар мәселесіне бейжай қарамауға шақырды.
Әрқайсыңыз балалардың қорғаушысы бола аласыздар. Ең бастысы – өзіңізге немесе басқа балаларға көмек қажет болса, бұл туралы айтудан қорықпау керек, – деді омбудсмен.
Кеңес алу немесе көмек сұрау үшін балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік басқармалардың басшыларына тікелей хабарласуға болады:
Астана қаласы – Серік Әділбаев, +7 701 233 2383
Алматы қаласы – Зафар Аппазов (м.а.), +7 778 999 9949
Ақмола облысы – Ботакөз Дүйсенова, +7 701 770 8575
Жамбыл облысы – Эльмира Мырза-Ғали, +7 777 977 7724
Батыс Қазақстан облысы – Афиза Семғалиева, +7 778 700 2986
Жетісу облысы – Абылай Күлтүрсынов, +7 702 991 1994
Қарағанды облысы – Баян Нұртаева (м.а.), +7 778 475 1011
Ақтөбе облысы – Әліби Латып, +7 707 888 4666
Алматы облысы – Дәулет Шайтурсынов (м.а.), +7 700 555 4243
Қызылорда облысы – Ерлан Бәкіров (м.а.), +7 701 337 3366
Павлодар облысы – Зауреш Қалиева (м.а.), +7 701 743 1139
Түркістан облысы – Балмаржан Нарбекова (м.а.), +7 702 710 0701
Ұлытау облысы – Зина Ақылбекова (м.а.), +7 777 052 4659
Абай облысы – Қуанышбай Әбілдаев (м.а.), +7 775 245 1235
Қостанай облысы – Әлия Жүсіпова (м.а.), +7 705 460 0888
Маңғыстау облысы – Аида Айбергенова (м.а.), +7 700 215 4051
Солтүстік Қазақстан облысы – Азамат Жылқыбаев (м.а.), +7 777 901 3451
Атырау облысы – Гүлнара Ерішева (м.а.), +7 775 458 8114
Ескерту: Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының басшылары әлі тағайындалып жатыр.
Фото: Ақорда