Мешіттер шынымен киімді мұқтаждарға бере ме?

Көптеген адамның сәннен шыққан немесе сыймай қалған киімі бар. Олар үйде артық орын алып, шаң жинайды, ал қоқысқа тастау обал болады. Бұл мәселенің бір шешімі бар – қайырымдылық. Адам керек емес киімнен құтылып, сонымен бірге біреуге көмектесе алады. Кейбір адамдар киімді қайырымдылық қорларына, немесе комиссиялық дүкендерге тапсырса, біреулер оны садақа ретінде мешітке апарады. Мешітке тапсырылған киім шынымен де мұқтаждарға таратыла ма? Киім шынымен мұқтаж адамдарға жету үшін оны мешітке немесе қайырымдылық қорларға апарғаны жөн бе?

Өкінішке қарай, қайырымдылыққа киім тапсыру туралы ешқандай ресми статистика жоқ. Сондықтан автор 38 адам арасында анонимді сауалнама өткізіп, өз статистикасын құрастырды.

Сауалнамада тек 2 сұрақ қана болды. Біріншісі: «Сіз қашан да кимей жатқан киіміңізді қайырымдылыққа тапсырдыңыз ба?». Диаграмма бойынша 38 адамның 63,2%-ы (24 адам) тапсырды.

Екінші сұраққа қарасақ жағдай қызық болып тұр. «Қай жерге киімді тапсырдыңыз?» деген сұрақ қойылды. 34,2%-ы (13 адам) өз киімін ешқайда тапсырмады. Тапсырғандардың арасында ең көп кездескен жауап – қайырымдылық қорлары. Оларға жауап берушілердің 52,6%-ы (20 адам) киімдерін апарған. Комиссиялық дүкендерді 10,5% (4 адам) таңдаса, мешітті тек 2,6% (1 адам) ғана таңдады.

Шынында адамның көбісі мешіттің қайырымдылығына сенеді, бірақ өздері кимейтін киімін қайырымдылық қорларына тапсырады. Астананың тұрғыны Рамина Тұрсын сондай адамдардың бірі:

«Мешіттер киімді мұқтаждарға шынымен беретін сияқты. Бірақ мен ескі киімді қайырымдылық қорына берер едім», – деді Рамина.

Кейбіреулер мешітке киімді тапсыруға болатынын білмейді, ал кейбір адамдар ескі киімді тапсыру үшін өзіне ыңғайлы жерді тауып, тек сол жерге апарады. Мысалы, Айгүл Дабашева қалада тұрған Likekomek жобасының жәшіктеріне 2 жылдай тапсырып жатыр.

«Мешіт киімді мұқтаждарға тарататынына сенемін, бірақ өзім тапсырып көрмегенмін. Likekomek деген әлеуметтік жоба бар, соған тапсырып жүрмін. Ол жоба маған ұнайды, мен оларға сенемін», – деді Айгүл.

Айтылған Likekomek жобасының негізін қалаушысының бірі – Әсемгүл Керейбаева, жобаның мешіттермен жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше мешіттерге келетін киім шынымен мұқтаждарға жетеді, себебі олар жиналған киімді Likekomek-ке тапсырады.



«Бізге соңғы рет Хазірет сұлтан мешіті ішінде киім үшін жәшік қоюға ұсыныс жасады. Оның алдында Ырыскелді қажы мешітінде сондай жәшік қойдық. Қосшы қаласындағы мешітінде де біздің жәшігіміз тұр. Қобыланды батыр көшесіндегі мешіттің адамдары бізге адамдар әкелген киімдерді өздері тасып жүр. Мешіттерге киім тапсырсаңыз ол бәрібір айналып, бізге келеді», – дейді Керейбаева.

Әсемгүл мешіттердің неге киімді өздері таратпайтынын да айтты. Оның айтуынша, әкелінген киімге қарайтын, оны сұрыптайтын адам жоқ:

«Біріншіден – киіммен жұмыс істейтін адам керек. Оны қатты сұрыптау керек, өйткені адамдар қандай болса сондай киімді тапсыра береді. Киімді алатын адамдарға да бақылау керек, өйткені оны қарамаса бір адам келіп бірнеше қап киім алып кетсе, басқаларға жетпей қалуы мүмкін. Соны қадағалап тұратын адам керек, мешіттерде сондай адам жоқ. Өздерінде басқа жұмыс толып тұр, сондықтан да бізге шықты», – деді Әсемгүл.

Ырыскелді Қажы мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлы Керейбаеваның сөздерін дәлелдеді. Оның сөзінше адамдар өз киімдерін әкелгенде мешіттің жұмыскерлері оны мүмкіндігінше сұрыптап, мұқтаждарға апарады. Ал киім тым көп болып кетіп, жалғыз өздерінің шамасы келмегенде қайырымдылық қорларынан адамдар келіп, киімді алып кетеді. Әл-Фаттах мешітінің наиб имамы Көпжан Әшірбекұлы де солай айтады. Оның мешіті кішкентай, онда садақаны тек азық-түлікпен және ақшамен қабылдайды. Бірақ имамның айтуынша, үлкен мешіттерде садақаға беретін киім үшін арнайы жәшіктер бар. «Киімді мешітке немесе қайырымдылық қорына апару керек пе?» деген сұраққа имамдар әртүрлі жауап берді. Нұрлан Байжігітұлы адамның киімді мешітке де, қайырымдылық қорларға да тапсыруға болатынын есептейді, себебі ол бәрібір мұқтаж адамдарға келеді. Ал Көпжан Әшірбекұлы оны қайырымдылық қорларына тапсыру керек деп ойлайды – мешіттерге киім тапсыратын адамдар оны қоқысқа тастағандай шашып кетеді, ал мешіттің жұмыскерлеріне оны сұрыптауға уақыты жоқ. Қайырымдылық қорларда киімді қабылдап, сұрыптайтын арнайы адамдар бар, сондықтан имам киімді оларға апарғаны жөн деп есептейді.

Соңында мешітке келген заттар шынымен мұқтаждарға жететіні белгілі болды. Оны қайырымдылық қорлар да, мешіттердің имамдары да дәлелдеді. Сондықтан киіміңіз мұқтаждарға тезірек жетсін десеңіз – бірден қайырымдылық қорларына апарыңыз. Ал егер мешітке апаратын болсаңыз – ол жерде арнайы жәшіктің бар-жоғын анықтап алыңыз.



Maqsut Narikbayev University-нің 2 курс студенті Умиралиев Абылай

Фото: muftyat.kz