Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алу керек – Президент


 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шарада ел ішінде жасалып жатқан реформалар нәтижесі жөнінде пікір білдірді.

– Құрметті отандастар! Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алу қажет екенін баса айтты. 


– Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті,
– деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді.

Фото: Ақорда