«TazaQazBot»-қа 44 мыңнан астам өтінім түскен
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов «Таза Қазақстан» акциясы аясында іске қосылған @TazaQazBot чат-ботының жұмысы туралы айтты.
Оның айтуынша, чат-бот іске қосылғалы бері тұрғындардан 44 мыңнан астам өтінім келіп түскен.
– Негізгі өтінімдер аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру және жолдарды жөндеу мәселелеріне қатысты болған. Бұл көрсеткіштер «Таза Қазақстан» акциясының азаматтарды экологиялық мәселелерді шешуге тартудың тиімді құралына айналғанын көрсетеді, – дейді департамент директоры.
Сондай-ақ чат-бот мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланысты күшейтіп, жергілікті жерлердегі экологиялық және санитарлық жағдайды жақсарту бойынша шараларды жедел қабылдайды.
– Қазір чат-боттың талдау жүйесін жетілдіру үстінде. Кейін сенбіліктер өткізілетін орындар, қоқыс шығару жұмыстары және өзге де экологиялық іс-шаралар туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік туады, – дейді Дәулет Есмағамбетов.
Фото: gov.kz