АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге қол қойды
АҚШ пен Иран соғысты тоқтатуды және Ормуз бұғазын бұғаттан шығаруды қарастыратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы бейсенбіге қараған түні Иран СІМ баспасөз хатшысы Исмаил Багаи мәлімдеді
Багаидың айтуынша, рәсім электронды режимде қашықтан өтті және бұған дейін Женевада жоспарланған ресми салтанат қажет болмады. Құжатқа АҚШ пен Иран президенттері Дональд Трамп пен Масуд Пезешкиан қол қойды. Келісім өз күшіне енді.
Трамп Иранмен меморандумға қол қойылғанын растады. "Мен оған жаңа ғана қол қойдым", - деді ол Францияда журналистерге. Axios мәліметінше, Трамп құжатқа Эвиан-ле-Бендегі G7 саммиті аясында Франция президенті Эмманюэль Макронмен кешкі ас ішу кезінде қол қойған.
Press TV телеарнасы Тегеран мен Вашингтон қол қойған меморандумның мазмұнын жариялады.
"Иран мен АҚШ бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сондай-ақ бір-бірінің ішкі істеріне араласудан бас тартуға міндеттенеді", - делінген мәтінде.
Кейбір басқа ережелер:
АҚШ пен оның Таяу Шығыстағы одақтастары Иранды қалпына келтіру үшін кемінде 300 миллиард доллар сомасына бағдарлама дайындауы тиіс.
Вашингтон Тегеранға қарсы санкцияларды тараптар түпкілікті келісімде уағдаласатын мерзім ішінде алуға міндеттенеді.
Иран ядролық қару өндірмейді және иеленбейді.
Тараптар ирандық ядролық материалдар мәселесін АЭХА (МАГАТЭ) бақылауымен шешеді.
Иран 60 күн ішінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алмауға міндеттенеді.
АҚШ келісімге қол қойылғаннан кейін Иранның өз мұнайын қайта сата алатынына кепілдік береді. Ол ондаған жылдар бойы санкциялар астында болды. Егер 60 күндік келіссөздер кезеңінен кейін тараптар толыққанды бейбіт келісім туралы уағдаласса, қосымша экономикалық шектеулерді алу жоспарланған.
БАҚ мәліметінше, Вашингтон мен Тегеран өкілдерінің Швейцариядағы кездесуінің өзі күшін жойған жоқ. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің басталуын талқылайды деп күтіледі.
Фото: depositphotos.com