Биыл ТКШ саласына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды
Оның 767 млрд теңгесі ұлттық жоба аясында бағытталып, жалпы құны 164,8 млрд теңге болатын 37 пилоттық жобаны іске асыруға мүмкіндік берген.
Павлодар қаласында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Жобалық кеңсенің көшпелі отырысы өтті.
Жиында өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының жүзеге асырылу барысы, қаржыландыру мәселелері мен конкурстық рәсімдердің орындалуы қаралды.
Биыл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 767 млрд теңгесі ұлттық жоба аясында бағытталып, жалпы құны 164,8 млрд теңге болатын 37 пилоттық жобаны іске асыруға мүмкіндік берген.
Қазіргі уақытта құны 459 млрд теңгені құрайтын 242 жоба конкурстық рәсімдер кезеңінде тұр. Ал 175 нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталған. Жобалар халықаралық қаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер, «Бәйтерек» холдингінің құралдары және мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы қаржыландырылуда.
Отырыс барысында өңірлердің ұлттық жобаны іске асырудағы белсенділігіне де баға берілді. Мониторинг нәтижесіне сәйкес, Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Түркістан және Ұлытау облыстары конкурстық рәсімдер мен келісімшарттарды жасасу қарқыны бойынша артта қалып отыр.
Вице-премьер барлық қажетті қаржыландыру көздері қарастырылғанын атап өтіп, өңірлердің басты міндеті құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы бастап, жобаларды сапалы орындау екенін айтты.
Павлодар облысы ұлттық жобаны жүзеге асырудағы белсенді өңірлердің бірі ретінде аталды. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозуын тоқтатуға қол жеткізілген.
2025-2027 жылдары облыста жалпы құны 131,6 млрд теңгені құрайтын 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазір ұзындығы 92,4 шақырым болатын жылу және электрмен жабдықтау желілерінің 16 нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 21,7 млрд теңгені құрайды.
Сонымен қатар Павлодар облысы 2027 жылға арналған жобалар саны бойынша республикада екінші орынға шыққан. Өңір жалпы құны 109,9 млрд теңге болатын 39 жобадан тұратын ауқымды өтінімдер пакетін әзірлеген. Жүзеге асырылып жатқан жобалардағы отандық өнім мен қазақстандық мамандардың үлесі 100 пайызға жеткен.
Жиын қорытындысында Қанат Бозымбаев жауапты органдарға кешігіп жатқан жобаларды жеделдетуді, конкурстық рәсімдерді қысқа мерзімде аяқтауды және ұлттық жобаға отандық өндірушілерді кеңінен тартуды тапсырды.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін отандық тауар өндірушілер тізілімін жаңартып, электрондық платформаның толыққанды жұмысына кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешу міндеті жүктелді. Мемлекеттік органдарға барлық тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі