Кезең-кезеңімен көтеріледі: министр ең төменгі жалақы туралы айтты

Кезең-кезеңімен көтеріледі: министр ең төменгі жалақы туралы айтты 

Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім әлі қабылданған жоқ. Аталған сома Қазақстан ұмтылуы тиіс мақсат ретінде қарастырылып жатыр. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев берген мұхбатында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесі бекітіліп, барлық мүдделі мемлекеттік органдарға жолданған.
Ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) есептеу кезінде екі негізгі көрсеткішті: медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін ескеру жоспарланған.
"Біз ең төменгі жалақы экономиканың нақты мүмкіндіктерімен бірге өсуі үшін осындай тәсілді таңдадық", - деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.
Қазір мемлекеттік органдар ЕТЖ-ның ықтимал өсуі аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне қалай әсер ететінін, сондай-ақ қандай қосымша шығындар қажет болатынын анықтау үшін есептеулер жүргізіп жатыр.
Бюджеттік ұйымдар үшін ең төменгі жалақының көтерілуі республикалық және жергілікті бюджеттер шығыстарының артуын білдіреді. Бұл ретте жеке сектордағы жұмыс берушілер де жаңа талаптарды орындауы тиіс болады.
"Егер шешім қабылданса, оған бәрі дайын болуы керек. Сондықтан бұл мәселені "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, кәсіподақтармен және жұмыс берушілермен талқылау қажет", - деп жалғастырды министр.
Ертаевтың айтуынша, қазіргі ЕТЖ мөлшерін - 85 мың теңгені қайта қарау қажет. Мұны үкіметтің экономикалық блогы да түсініп отыр. Алайда шешім қабылданбас бұрын мемлекеттік бюджет пен бизнестің мүмкіндіктерін бағалау керек.
Шенеунік ең төменгі жалақының кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"150 мың теңге - бұл қабылданған шешім емес, ұмтылу керек мақсат. Мұндай көрсеткіш медианалық жалақының шамамен 50 пайызына тең бағдармен байланысты", - деп атап өтті еңбек министрі.
Осылайша, ең төменгі жалақыны көтеру мерзімі мен оның болашақ мөлшері әлі анықталған жоқ. Түпкілікті шешім есептеулер аяқталып, мемлекеттік органдармен, бизнеспен және қызметкерлер өкілдерімен талқыланғаннан кейін қабылданады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың толық сұхбатын осы сілтеме бойынша оқыңыз.
ЕТЖ кейбір салықтарды, әлеуметтік аударымдарды және мемлекеттік жәрдемақыларды есептеу үшін негіз ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ ЕТЖ-ның өзгеруі жиі жағдайда төлемдер мөлшерін және жалпы экономикадағы жалақының "төменгі шегін" қайта қарауға себеп болады.
Сәуір айында ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Азамат Амрин Қазақстанда ЕТЖ-ны екі есеге жуық - 85-тен 150 мың теңгеге дейін көтеру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады. Бұл ретте ол көтерудің нақты мерзімі әлі анықталмағанын атап өтті.
Кейінірек Асқарбек Ертаев ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесі жыл соңына дейін қаралатынын айтты. Оның айтуынша, жаңа әдістеме медианалық жалақының өсуі мен еңбек өнімділігін ескеруі тиіс.
Мамыр айында Ұлттық экономика министрлігі бұл мәселені 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қарастыру қажеттігін атап өтті. ЕТЖ-ны көтеру тек мемлекеттің ғана емес, жеке жұмыс берушілердің де қосымша шығындарын талап етеді.

Фото: depositphotos.com