Азаматтардың әл-ауқатын арттыру: Тоқаев мемлекеттің басты мақсатын атады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлер мен сын-қатерлер аясында Қазақстанға батыл іс-қимылдар қажет екенін мәлімдеді Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.
"Біздің басты мақсатымыз - азаматтардың әл-ауқатын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту арқылы бұл оң үрдісті қайтпас сипатқа ие ету. Сондықтан біздің қол қусырып отыруға құқығымыз жоқ", - деді Тоқаев.
Президент ауқымды әрі күрделі міндеттерді іске асыру үшін "табанды және нәтижелі" жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
"Қазіргі кезеңде бірлескен жұмысымызды қорытындылап, алдағы даму жоспарын айқындау қажет деп санаймын", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын қалыптастыру мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, осы шақырылымдағы Парламент заң шығару жұмысының жоғары сапасымен және депутаттық корпустың бұрын-соңды болмаған нәтижелілігімен есте қалады.
"Сіздер Әділетті Қазақстанды құру үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеу мен қабылдауға айрықша үлес қостыңыздар. Сіздердің әрқайсысыңыз дерлік болашақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлеріне, балаларыңыз бен немерелеріңізге: "Маған 2026 жылғы Конституцияны әзірлеу жұмысына тікелей қатысу бақыты бұйырды", - деп айта аласыздар", - деп атап өтті Президент.
Фото: Ақорда