Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр
Президент медицина саласының дамуы, халықтың өмір сүру ұзақтығы және ұстаздар мен дәрігерлерді қолдау шаралары туралы айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары елімізде медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
Отандық медицина саласы да дамып келеді. Жалпы, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтаған.
Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан осы аймақта көш бастап тұр. Бұл ел дамуының нақты көрінісі екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді.
Президент азаматтардың медициналық қызметке қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бүгінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа базалық медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген.
Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді.
Президент қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген мамандарды қолдау мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұғалімдердің, медицина және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы кезең-кезеңімен ұлғайтылып келеді.
Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы соңғы 3 жылда 584 заманауи мектеп салынғанын атап өтті. Президент білім, ғылым және балаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін жариялады.
Фото: BAQ.KZ архиві