Қазақстанда алғашқы лицензияланған криптоайырбастау пункті пайда болды
Лицензия компанияға криптовалютаны заңды түрде сатып алу, сату және сақтау қызметін көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Ұлттық банкі криптоайырбастау пункті қызметін жүзеге асыруға арналған алғашқы лицензияны «Pax Finance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берді.
Лицензия компанияға криптовалютаны заңды түрде сатып алу, сату және сақтау қызметін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Pax Finance» бөлімшелер ашып, криптоматтар орнатуға және өз қызметін Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізуге құқылы.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстанда цифрлық активтер нарығына қатысушыларды лицензиялау тәртібі ресми түрде күшіне енді. Осыған сәйкес, криптоайырбастау қызметін жүзеге асырғысы келетін ұйымдар лицензия алу немесе есепке тұру үшін Ұлттық банкке өтініш бере алады.
Жаңа лицензиялау жүйесі цифрлық активтер нарығын құқықтық тұрғыдан реттеуге, оның ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ осы саладағы қызметті заңдастыруға бағытталған.
Фото: Ұлттық банк