Республикалық домбырашылар байқауы аяқталды: Бас жүлде Оралға бұйырды

Республикалық домбырашылар байқауы аяқталды: Бас жүлде Оралға бұйырды

Екі кезеңнен тұрған тартысты додада еліміздің әр өңірінен келген күйшілер бақ сынады. Қазылар үздіктерді қалай таңдағанын оқыңыз.

Күй өнерінің қасиетін ұлықтаған «Әсем қоңыр» республикалық домбырашылар байқауы мәресіне жетті. Қасиетті домбыраның үнімен өрілген өнер мерекесі күй астанасы атанған ауданда өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды күйшілердің басын қосты.
Байқаудың екінші күні Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы мектепте жалғасты. Мұнда белгілі қобызшы Ақнар Тәттібайқызының қатысуымен шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Кездесу барысында өнер иесі қобыз аспабының тарихы мен ұлттық мәдениеттегі орны туралы әңгімелеп, оның терең философиялық мәніне тоқталды. Сондай-ақ ауылдың жас қобызшылары өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын паш етті.
Шара аясында қонақтар мектеп жанындағы Дина Нұрпейісова музейін аралады. Мұнда күй анасының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи жәдігерлер мен құнды экспонаттар таныстырылып, келушілер қазақ күй өнерінің тарихымен жақынырақ танысты.
Осы уақытта негізгі сахнада «Әсем қоңыр» республикалық байқауының шешуші кезеңі өтті. Еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Байқауға Астана және Алматы қалаларынан арнайы шақырылған белгілі өнер қайраткерлері қазылық етті.
Бірінші кезеңде қатысушылар «Меңдіқара», «Динаның бұлбұлы», «Жігер» күйлерінің бірін және бекітілген 12 күйдің ішінен қазылар таңдаған шығарманы орындады. Ал екінші кезеңде олар Дина Нұрпейісованың міндетті үш күйін және Мәмен, Оқап, Құрманғазы шығармаларының бірін жоғары деңгейде орындап шықты.
Байқау қорытындысы бойынша шығармашылық белсенділігі үшін 50 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлығы мен алғысхат Бекзат Рамазанға, Мұхамедияр Таңатаровқа (екеуі де Орал қаласынан) және Өтесін Пазылбековке (Алматы қаласы) табысталды.
100 мың теңгелік «Дипломант» атағы Орал қаласының өкілі Рахман Қойшекенге бұйырды.
Үшінші орынды (150 мың теңге) Сырым Шонбаев (Жамбыл облысы), Айша Жанайдқызы (Орал) және Наргиза Касумова (Орал) иеленді.
Екінші орынға (200 мың теңге) Райымбек Тарихов (Орал), Дана Дидар (Астана) және Қымбат Ғабдуллина (Астана) лайық деп танылды.
Бірінші дәрежелі диплом мен 300 мың теңгелік ақшалай сертификат Қызылорда облысының өкілі Бекнұр Әбдижәли мен Алматы қаласынан келген Жұлдызай Кенгесбаеваға берілді.
Ал байқаудың Бас жүлдесін Орал қаласының домбырашысы Әділет Жолдығали жеңіп алып, 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегері атанды.
Байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Айтжан Тоқтаған бастаған өнер майталмандарына аудан әкімінің арнайы алғысхаттары табысталды.
Ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған «Әсем қоңыр» республикалық байқауы жас күйшілердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, қазақтың күй өнерін насихаттауға және дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени шара ретінде есте қалды.