40 градус ыстық қайта оралады: демалыс күндері Қазақстанда күн райы қандай болады
Метеорологтардың мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағында белсенді циклон мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты күн құбылмалы болады.
Ел аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бүкіл кезең бойы республиканың солтүстігінде, 4 шілдеде солтүстік-батыста, 4-5 шілдеде оңтүстік-шығыс пен орталықта, 5-6 шілдеде шығыста қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
Сондай-ақ республика бойынша желдің күшеюі, бұршақ және дауыл күтіледі. Қазақстанның оңтүстігінде шаңды дауыл тұрып, республиканың солтүстігінде түнгі және таңертеңгі сағаттарда тұман түсуі мүмкін.
Бұдан бөлек, республиканың басым бөлігінде ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды.
5-6 шілдеде күндіз батыс пен орталық өңірлерде +35…+39°C-қа дейін, оңтүстік-батыста +40°C-қа дейін, солтүстік-батыста +35°C-қа дейін қатты ыстық болады. Шығыс өңірлерде бүкіл кезең бойы +35…+37°C-қа дейін қатты ыстық сақталады.
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков