Алматы-Қаскелең автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі
Президент тапсырмасына сәйкес, Алматы-Қаскелең автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындарының Алматы-Қаскелең жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарына назар аударған.
"Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс", - деді Олжас Бектенов президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңесте.
Премьер-министр жоба құнының бекітілгенін және оның өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.
"Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет", - деді Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің сегіз шақырымдық бөлігін сегіз жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынған.
Жобаны қаржыландыру Қазақстан Даму банкі арқылы жүзеге асырылады. Жоба аясында екі жолайрық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған учаскенің өткізу қабілеті екі есе артпақ. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Алматы-Қаскелең автожолы – Алматы агломерациясындағы көлік ағыны ең тығыз учаскелердің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікке жетеді.
Сондай-ақ кеңесте Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстарының басталғаны туралы баяндаған. Бұл жоба Алматы-Қаскелең тасжолына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Фото: Martin Schutt/picture alliance via Getty Images