Адамға ұқсас роботтар алғаш рет хирургиялық операция жасады
АҚШ ғалымдары медицина саласында маңызды тәжірибе өткізді. Дәрігерлердің қашықтан басқаруымен адамға ұқсас роботтар екі бірдей хирургиялық операцияны сәтті орындады.
Жобаны Калифорния университетінің Сан-Диегодағы инженерлері мен хирургтері бірлесіп жүзеге асырған. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымда жарияланды.
Алғашқы тәжірибеде гуманоид робот хирургтің көмекшісімен бірге өт қабын алып тастау операциясына қатысқан. Екінші жағдайда екі робот бірлесіп ірі сүтқоректіге дәл сондай операция жасаған.
Роботтар өздігінен шешім қабылдамаған. Олардың әрбір қимылын хирургтер қашықтан басқарып отырған. Бұл тәсіл телеоперация деп аталады. Яғни дәрігер науқастың жанында болмаса да, роботтың қозғалысын толық бақылауда ұстайды.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология дәрігерлерді алмастыру үшін емес, хирургиялық топқа көмекші ретінде жасалып жатыр.
Қазір ауруханаларда роботтандырылған хирургиялық жүйелер кеңінен қолданылады. Алайда олардың көбі арнайы жабдықты, үлкен бөлмені және дәрігерден қосымша дайындықты талап етеді. Ал адамға ұқсас роботтар кәдімгі операция бөлмесінде жүріп, стандартты медициналық құралдарды пайдалана алады.
Тәжірибеге қатысқан Surgie роботы арнайы құрылғылардың көмегімен қарапайым хирургиялық аспаптармен жұмыс істеген. Мамандар роботтың операция бөлмесіне және қалыптасқан жұмыс тәртібіне тез бейімделгенін атап өтті.
Ғалымдардың сөзінше, мұндай роботтардың басты артықшылығы – оларды шалғай елдімекендерге, табиғи апат болған аймақтарға, әскери госпитальдарға немесе ғарыш сапарларына жеткізуге болады. Ол жерлерде білікті хирургтер мен күрделі медициналық жабдықтар жетіспеуі мүмкін.
“Қашықтан басқарылатын адамға ұқсас роботтар күрделі операцияларға қолы жетпейтін науқастарға көмектесе алады. Бұл денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді”, – деді жоба авторларының бірі Майкл Ип.
Мамандар мұндай роботтарды хирургтің көмекшісі ретінде де пайдалануды көздейді. Олар дәрігерге медициналық құралдарды беріп, жабдықтарды орнынан қозғап, операциядан кейін бөлмені ретке келтіре алады.
Дегенмен технология әлі де жетілдіруді қажет етеді. Операция кезінде роботтарды бірнеше рет қайта баптауға тура келген. Соның салдарынан ота қазіргі хирургиялық роботтармен жасалатын операцияларға қарағанда ұзағырақ жүргізілген.
Ғалымдар хирургтің қол қимылы мен роботтың әрекеті арасындағы кідірісті азайтуға да күш салып жатыр. Бұл әсіресе дәрігер науқастан жүздеген немесе мыңдаған шақырым қашықта болған жағдайда аса маңызды.
Зерттеушілердің түпкі мақсаты – адамдар мен роботтар бір команда болып жұмыс істейтін болашақ операция бөлмесін құру. Мұндай технология шалғай аймақтардағы тұрғындарға дер кезінде хирургиялық көмек көрсетуге жол ашуы мүмкін.
Фото: earth.com