1 тамыздан бастап Астанадағы ЛРТ-да жаңа тарифтер енгізіледі

1 тамыздан бастап Астанадағы ЛРТ-да жаңа тарифтер енгізіледі 

Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінде кеңейтілген тарифтер жүйесі енгізіледі. Ол 1 тамыздан бастап іске қосылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz City Тransportation Systems компаниясына сілтеме жасап.
Жаңа тарифтер туралы не белгілі?
Компания мәліметінше, кеңейтілген тарифтер жүйесі Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінде жолаушыларға қолайлы болу үшін енгізіліп жатыр.
Бір реттік жол жүру құны бұрынғысынша 200 теңге болады.
1 тамыздан бастап келесі жол жүру тарифтері қолданылады:
1 күндік – 500 теңге;
3 күндік – 1 500 теңге;
5 күндік – 2 500 теңге;
10 күндік – 4 000 теңге;
15 күндік – 5 000 теңге;
1 ай – 7 500 теңге;
3 ай – 20 000 теңге.
Сондай-ақ сапар саны бекітілген тарифтер қолданылады:
5 сапар – 900 теңге;
10 сапар – 1 800 теңге;
20 сапар – 3 500 теңге;
30 сапар – 5 000 теңге.
Тарифтер қандай шарттармен қолданылады?
CTS компаниясы тарифтерді пайдалану шарттарын түсіндірді.
Осы айдың 15-іне дейін (қоса алғанда) сатып алынған жағдайда, тариф ай соңына дейін жарамды болады. 15-інен кейін сатып алынған жағдайда, тарифтің қолданылуы келесі айдың 1-інен басталады.
Тариф сатып алынған күнтізбелік ай ішінде, яғни 1-інен 30 (31)-ына дейін жарамды.
"Күндік жол жүру тарифтері мен сапарлар пакеті алғашқы валидация жасалған сәттен бастап іске қосылып, күнтізбелік күн аяғына дейін (00:00) немесе сатып алынған сапарлар саны таусылғанша жарамды болады", – деп хабарлады CTS.
Тарифті қалай сатып алуға болады?
Тарифтерді жеңіл рельсті көлік бекеттеріндегі кассаларда сатып алуға болады. Олар Tarlan Astana жүйесінің көліктік карталарына жүктеледі.
Көлік картасы теңгерімін Tarlan Astana бекетттері кассасында немесе терминалында тексеруге болады.
Көлік картасы жоғалған жағдайда, іске қосылған (қолданыстағы) тарифтер қайта қалпына келтірілмейді және басқа көлік картасына ауыстырылмайды.
Тарифтер Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінде ғана жарамды, сонымен қатар қалалық автобустармен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Tengrinews.kz