Қазақстанда ет бағасына не әсер етеді? Министр жауабы
Қазақстанда ет бағасының өсуіне ішкі және экспорттық сұраныстың жоғары болуы да әсер етіп отыр. Десе де, қазір бағаның күрт қымбаттауы мен өнім тапшылығы байқалмайды. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте министрден ет өнімдері баға өсіміне әсер ететін тауарлар қатарында екені туралы Ұлттық статистика бюросы деректеріне түсініктеме беру сұралды.
Шаққалиев ет өнімдері бағасы өсіп жатқанын растады. Оның айтуынша, Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бірқатар шара қабылдаған, соның ішінде экспортқа квота енгізіліп, тиімсіз делдалдарды жою бойынша жұмыс күшейтілген.
"Өсім байқалады, бірақ ол қалыпты деңгейде. Ең бастысы - ет сатылымда бар. Өткен демалыс күндері мониторинг жүргіздік: базарларда сүйекті сиыр етінің келісі шамамен 3 700 теңге болды. Сауда желілерінде баға сәл жоғарырақ", - деді министр.
Шаққалиевтің сөзінше, қазір ведомстволар ішкі нарықта өнімнің іркіліссіз жеткізілуі мен жеткілікті көлемін қамтамасыз ету мәселелерін шешіп жатыр.
Министр бағаның қымбаттауына себеп болған факторлардың бірі ретінде Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де етке деген сұраныстың артуын атады. Оның айтуынша, Парсы шығанағындағы жағдай да әлемдік бағаға әсер еткен.
"Бүгінде біз бағаның шарықтап кеткенін көріп отырған жоқпыз. Құны өзгеріп тұрады, бірақ жалпы алғанда тұрақты. Мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде ешқандай іркіліс жоқ", - деді ол.
Ет тұтыну көлемі неге арта бастағаны туралы сұраққа жауап берген Шаққалиев мұны әлемдегі тамақтану құрылымының өзгеруімен түсіндірді.
Оның айтуынша, әсіресе Қытай мен Африка елдерінде тұтыну айтарлықтай өскен. Қазақстан нарығына көрші мемлекеттер тарапынан болатын сұраныс та қосымша әсер етеді.
"Егер, мысалы, Өзбекстанда сұраныс артса, бизнес өнімін қайда сататынын өзі таңдайды. Біз баға тек тұтынушы үшін ғана емес, өндіруші үшін де әділ болуы керек екенін үнемі айтып келеміз. Экспорттық сұраныстың жоғары болуы да бағаның құбылуына әсер етеді", - деп түйіндеді министр.
Еске салсақ: биыл маусымның аяғында Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрық жобасын жариялаған болатын, оған сәйкес Қазақстан елден ірі қара мал етін шығаруға 6 ай мерзімге квота енгізеді.
Квоталар отандық ет өңдеу кәсіпорындарын шикізат базасымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, ел ішіндегі қосымша құнды арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ ішкі нарықты ет өнімдерімен толықтырып, бағаны тұрақтандыру мақсатында енгізіледі.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов