Құрылтай сайлауы: қандай кезеңдер артта қалды және 23 тамызға дейін сайлаушыларды не күтіп тұр?
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына бір айдан аз уақыт қалды. Сайлау науқаны шешуші кезеңге өтті: партияларды тіркеу аяқталып, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Қандай кезеңдер артта қалды және дауыс беру күніне дейін тағы не күтіп тұр - Tengrinews.kz материалында.
Қандай кезең аяқталды?
Осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) күнтізбелік жоспарда қарастырылған негізгі рәсімдерді орындады. Соның ішінде саяси партиялар кандидаттар тізімін ұсынып, тіркеуден өткізді. Қорытынды бойынша Қазақстандағы сайлауға 7 саяси партия жіберілді. Олар 546 кандидат ұсынды.
|ОСК деректері
Партиялық тізімдердің сандық құрамы келесідей бөлінді:
"Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы – 63 кандидат;
"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 69 кандидат;
"Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) – 186 кандидат;
"Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы – 47 кандидат;
Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) – 72 кандидат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 33 кандидат.
Respublica партиясы – 76 кандидат.
Саяси додада партиялар Құрылтайдың 145 мандаты үшін бақ сынайды.
Кейін партиялар арасында сайлау бюллетеніндегі орналасу ретін анықтайтын жеребе тартылды. Жеребені ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өткізді. Ол 1-ден 7-ге дейінгі нөмірлерді ақ конверттерге салып, үстел үстіне қойды.
Содан соң саяси партиялардың өкілдері кезекпен үстелге келіп, конверттердің бірін суырды. Таңдалған нөмір алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауында партияның сайлау бюллетеніндегі орнын айқындады.
Оның қорытындысы бойынша партиялар сайлау бюллетенінде келесі ретпен орналасады:
"Әділет" партиясы.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).
"Байтақ" қазақстандық жасылдар партиясы.
Қазақстан Халық партиясы (ҚХП).
"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы.
"Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы.
Respublica.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі жүріп жатыр
23 шілдеде Қазақстанда ресми түрде сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін партиялар мен кандидаттар сайлаушылармен кездесулер өткізуге, үгіт материалдарын таратуға және өз бағдарламаларын таныстыруға құқылы.
2 тамызға дейін өңір әкімдері әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімін учаскелік сайлау комиссияларына ұсынды. 3 тамыздағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 адам енгізілген.
Айта кетейік, бұрынғы Парламент ғимаратына "Қазақстан Республикасының Құрылтайы" деген жаңа маңдайша орнатылды.
Сайлау алдындағы үгіт кезінде не нәрсеге тыйым салынады?
Саяси партиялар мен кандидаттарға өздерінің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында сайлау алдындағы үгіт-насихат материалдарын тегін орналастыруға рұқсат берілді.
Сонымен қатар үгіт материалдарының мазмұнына қойылатын талаптар күшейтілді. Мәселен, бұрыннан қолданыста болған үгіт материалдарын Қазақстан аумағынан тыс жерде дайындауға және анонимді материалдарды таратуға салынған тыйымдардан бөлек, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады.
Сайлау алдындағы үгіт жүргізуге, кез келген үгіт материалдарын таратуға мына тұлғалар мен органдарға тыйым салынады:
мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін атқару кезінде;
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілеріне, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және судьяларға;
сайлау комиссияларының мүшелеріне;
діни бірлестіктерге.
Сондай-ақ телерадиохабарларын тарату субъектілеріне жаңалықтар мен талдау бағдарламаларында кез келген үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға болмайды.
Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары саналатын кандидаттарға өздерінің лауазымдық немесе қызметтік жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні көрінеу белгілі үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті. Аталған тұлғаларға олардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығару материалын тегін жариялау мүмкіндігі берілуі тиіс.
Сайлау күні және оның алдындағы "тыныштық күні" кез келген үгіт қызметіне тыйым салынады. Мыналарды жариялауға жол берілмейді:
қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін;
сайлау нәтижелерінің болжамдарын
сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ БАҚ-та және онлайн-платформаларда дауыс беру күніне дейін бес күн ішінде және дауыс беру күні кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін.
Дауыс беру күніне дейінгі негізгі кезеңдер
7 тамыздан бастап қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізіміне енген-енбегенін тексере алады. Қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда сайлаушы учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Мұндай өтініштер түскен күні дереу қаралады.
Егер сайлау күні азамат басқа елді мекенде болса, сайлаушы өзінің нақты жүрген жері бойынша дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін ала алады.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін дауыс беру күніне 15 күн қалғаннан бастап, дауыс беру күнінің алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Учаскелік сайлау комиссиясы бұл құжатты сайлаушының жазбаша өтініші негізінде және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
Айта кетейік, есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға болады. Мұндай сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Учаскелік комиссиялар азаматтарды дауыс беру уақыты мен орны туралы 12 тамыздан кешіктірмей хабардар етеді. Қажет болған жағдайда осы күнге қарай жекелеген учаскелер үшін ерекше жұмыс режимі белгіленуі мүмкін.
Бүкіл ел бойынша 10 400-ден астам сайлау учаскесі ашылады. Сайлауды ұйымдастыруға 10 600-ден астам комиссия тартылып, олардың мүшелерінің жалпы саны 71 мың адамды құрады.
Шет мемлекеттерге жеке шақырумен, қызметтік, іскерлік және туристік сапармен барған Қазақстан азаматтары учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген кезде және Қазақстан азаматының жарамды паспорты болған жағдайда сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
17 тамызда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан келетін байқаушыларды аккредиттеу аяқталады. 3 тамыздағы жағдай бойынша ОСК шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 251 байқаушыны аккредиттеді. Аккредиттеу туралы ұсыныстардың түсуіне қарай байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады.
Дайындықтың соңғы кезеңі 20-22 тамыз аралығында учаскелік комиссияларға бюллетеньдерді жеткізу болады.
Бюллетень бланкісі екі жақты, А4 форматында. Түсі – көгілдір. Бірінші бетінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен бюллетень атауы көрсетілген. Екінші бетінде жеребе бойынша айқындалған тәртіппен саяси партиялардың атаулары және "Бәріне қарсымын" жолы бар. Дауыс берушілер таңдаған жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қоюы тиіс.
22 тамыз кез келген үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынатын Тыныштық күні болып жарияланды.
Сайлау күні және қорытындылар
Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс беру 23 тамызда өтеді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, егер нақты аумақтық комиссиялар азаматтарға ыңғайлы болу үшін басқа уақытты белгілемесе, сайлау учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.
Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады. Алдымен exit-poll нәтижелері жарияланады – бұл сайлаушылардың кімге дауыс бергенін анықтау мақсатында сайлаудан кейін бірден жүргізілетін сауалнама.
ОСК Құрылтай сайлауы бойынша exit-poll және әлеуметтік сауалнама жүргізуге алты өтінімді тіркеді:
Еуразиялық интеграция институты;
DATAmetrics консалтингтік және зерттеу компаниясы;
Астана кешенді әлеуметтік зерттеулер институты ("СОЦИС-А" КӘЗИ ҚҚ);
Қоғамдық саясат институты;
Қазақстандық қоғамдық даму институты;
"Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығы.
Бұдан әрі Орталық сайлау комиссиясы аумақтық және учаскелік комиссиялардан мәліметтер алып, сайлаушылардың келу қорытындысын және сайлаудың алдын ала нәтижелерін белгілеуі тиіс. Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, санау уақыты ол басталған сәттен бастап 12 сағаттан аспауы керек.
Сайлаудың түпкілікті нәтижелерін жариялау сайлау өткен күннен бастап 10 күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Бұл сайлау Қазақстанда 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және 2026 жылғы конституциялық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес құрылған Құрылтайға бірінші сайлау болмақ. Бүгінгі таңда Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, олардың депутаттары таратылды.
Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай болады.
Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы 23 тамызда өтеді. Оның құрамына 5 жылдық мерзімге сайланатын 145 депутат енеді. Олар парламент төрағасы мен оның үш орынбасарын өздері сайлайды.
Құрылтай жасақталғаннан кейін қазіргі үкімет отставкаға кетеді.
Бұған дейін бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беруге арналған бюллетеннің қандай болатыны белгілі болды.
Фото|: Tengrinews.kz